Кітапхана тарихы

24.01.2016

Ілім – білім бұлағы кітап атаулының шоғырланған мекемесі – Кітапхана адамзат баласын рухани тыныс тіршілігінің айнасы іспетті. Өткен ғасырдың сонау,1930 жылы Қызыл отау – Оба, Ортау, Ырғайлы, Қызылағаш жерлерінде ашылды.

1943 жылы енді ғана сауатсыздықтан арылған халыққа есігін айқара ашқан мекеменің бірі, аудандық кітапхана болатын. Дәл бүгінгідей ғимаратта болмаса да, өз заманы үшін тәп-тәуір бір бөлмелі үйде болды. Аудан бойынша сауатсыз халықтың білімдерін жетілдіруде Аубакирова Қадиша, Оспанова Әлкен, Мақсұтов Рашид, Шалабай, Есенов Асандар «Қызыл отауда»кітапханалық қызмет көрсетті.

Алғаш кітапханада 800 дана кітап болды. Содан бері кітапхана оқырмандарымыздың бір айнымас серігі болды.

Алғашқы кітапхана меңгерушісі Қасымова Қайша 1943-1950 жылға дейін, 1946 жылы Ғайша Жосқанова, 1951-55 жылдары Балғатай Өтешовболды. Ол кісі кейін ауданның Ленин мектебінде ұстаз болды.

1948 жылы, атақты ғалым Қаныш Сәтбаевтың кандидатурасы Жаңаарқа сайлау округі бойынша ҚСРО Жоғарғы советінің депутаттығына кандидаттыққа ұсынылған кезде Атасу поселкесіне келіп, кітапханада үгіт бөлмесі ұйымдастырылып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сол уақытта, кітапхананы жаңа ғимаратқа көшірді.

1951-1979 жылдары Алғабас бөлімшесіндегі кітапханада кітапханашы ардагер Ахметов Әкім өмірінің соңына дейін үздіксіз еңбек етті. Алғабас бөлімшесінде партия ұйымының жетекшісі болып, жастарды тәрбиелеуде орасан зор үлесін қосты. Ерен еңбегі үшін В.И.Лениннің 100 жылдығына ораймедальмен, мақтау қағазымен марапатталған.

Зерделі сөз зергері Ісләм Жарылғапов Алматыдан ауданымызға 1954 жылы келгенде кітапханаға 80 кітап тарту етті.

Шагирова Рымтай (1954 ж), Уатаева Клара 1964 жылы аудандық кітапхана меңгерушісі болды. К.Уатаеваның басқа жаққа қоныс аударуына байланысты кітапхана меңгерушісі болып Тиыштық Смахановатағайындалды.

1968 жылдың басында кітапхана меңгерушісі М.Еленбаева болды.Қалимолдаева Роза Әбдірахманқызы 1968-1976 жылдары аудандық кітапхананың меңгерушісі болды. 1976-1992 жылдары аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры қызметін атқарды. 1992 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты.

К.Уатаева 1992 жылы кітапхана директоры қайта тағайындалып, 1997жылы құрметті зейнеткерлікке шықты.

Коммунистік партия мен Кеңес өкіметі кітапханашыларға және  кітапханаға әрдайым қамқорлық көрсетіп келді. Мұны «Еліміздің кітапханаларындағы жұмыстарды жақсарту туралы» (1959 ж), «Ғылыми техникалық прогресске сәйкес еңбекшілерге коммунисттік тәрбие берудегі кітапханалардың рөлін, кітапхана ісін арттыру туралы» (1977 ж), «Селолық жердегі мәдени қызметті одан әрі жақсарту шаралары туралы» (1977 ж) қаулылардан айқын аңғаруға болатын еді. Осы маңызды міндеттер бағытына сәйкес бізде де біршама істер атқарылды.

1976 жылдың қараша айынан бастап кітапхана Жезқазған облысы бойынша аудандардың ішінен ең алғашқы болып орталықтандырылған жүйеге көшті.

Жаңаарқа ауданы бойынша: 53 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетті: оның ішінде: 28 – мемлекеттік 20 – мектептік, 2 – кәсіподақтың, 1 – уі СПТУ – 178, техникалық кітапхана және саяси-ағарту кітапханалары.

Кітапханада мынадай бөлімдер ашылды: методика-библиографиялық, қызмет көрсету, резервті – айырбастау, кітап қорын толықтыру оқырмандардың тапсырысы (МБА) бойынша республикалық А.Пушкин, Қарағандыдағы Н.Гоголь атындағы кітапханалардан, Москвадан кітаптар алынды. Сырттай оқитын оқырмандарға кітаптарды МБА арқылы алынатын бірыңғай кітап қоры бөлімдері ашылды.

Ауыл шаруашылығы мамандарына «автобиблиотека» жылжымалы пунктерге кітапханалық қызмет көрсетті.

ОКЖ-нің алғашқы директоры Қалимолдаева Роза Әбдрахманқызыболды. Орталықтандырылған жүйеге көшуіне байланысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Аудандық кітапханадан бастап барлық кітапханалар қорына алфавиттік, жүйелі каталогтар ұйымдастырылды. Кітап қорлары ББК жүйесіне көшірілді. Жыл сайын бөлімшелерде жаңадан кітапханалар ашылып, жаңа жиһаздармен жабдықталды.

1985 жылы кітапхана саны 39-ға жетті, 36 кітапхана селолық жерде қызмет көрсетті.

Оқырмандарды кітапханаға тарту жұмыстары зор қарқынмен жүргізілді. Әр саланың мамандарына, жұмыскерлерге, жұмысшы жастарға, студенттерге, балаларға білімдерін арттырып, жан-жақты ақпараттандырылуына кітапханашылар аса жауапкершілікпен қарап, сұраныстарын толыққанды қанағаттандыруға жағдай туғызды. Кітапханаларда іс-шаралар ұйымдастырылды. Кітап көрмелері, стенділер мен плакаттар, тақырыптық сөрелер, конференциялар өткізіліп, әдеби шолулар мен ашық байқаулар өткізілді.

Кітапханашы кадрлардың шеберлігін жетілдіруге үнемі көңіл бөлініп, арнаулы білімді мамандармен толықтырылды.

1977 жылы, одан кейінде социалистік жарыстың қорытындысында «Үздік кітапхана» атағын қайта жеңіп алды. Бұл тамаша жетістіктерге қол жеткізуге қызметкерлер: Г.Жарылғапова, Т.Ысқақова, З.Қызылбаева, С.Шайхина, Л.Абсаматова, Ұ.Алшынбекова, К.Жаркешова, Ә.Жандаулетова, З.Мажкенова, К.Көшкінбаева, Б.Мақажанова, Н.Сыздықова, М.Ахметова, Ж.Айнабекова, С.Әкімовалардың үлесі айтарлықтай.

Сондай-ақ кітапханалық тәжірибесі мол жұмысын жақсы меңгерген ауылдық кітапхана меңгерушілері: «Целинный» (Көктал) совхозынан Т.Корбань, аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінен (Аппаз) М.Шатрова, С.Сейфуллин атындағы совхоздан Г.Құмарханова (жас маман), «Рассвет» (Қараағаш) совхозынан Назым Сыздықовалардың есімдерін мақтанышпен атауға болады.

Облыс бойынша 1978 жылы «Орталықтандырылған жағдайда оқырмандарға қызмет етуді ұйымдастыру» тақырыбында бізде өткен облыстық семинар тартымды әрі мазмұнды болды. Онда біздің кітапхана қызметкерлерінің жұмыста қол жеткізген жетістіктері жан-жақты айтылды, Шет, Ағадыр, Жезді аудандарының кітапханашылары өз тәжірибелерін ортаға салды.

Мұндай кездесулер кітапхана қызметінің жақсаруына елеулі ықпал жасады.

Жарты ғасырдан артық уақыт бойы Жаңаарқа ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі халыққа қызмет көрсеткен бұл қасиетті орынын мақтанышпен айтар, жүріп өткен жолы, өз тарихы бар.

Бір кездегі өтпелі  кезең қыйыншылықтары мен нарық қыспағы біздің руханият орталығымызды да айналып өткен жоқ. Керісінше, айтарлықтай дәрежеде салықынын тигізді. Мысалы: 1996 жылы кітапхана жұмысы едәуір дағдарысқа ұшфрай бастады да, 1997 жылы бұрынғы 39 кітапханадан 16 кітапхана ғана қалды. Ауылдық жерлердегі, бөлімшелердегі кітапханаларды 0,25, 0,5 ставкада жұмыс атқарды. 1999 жылы ауылдағы клуб үйлері жабылып қалғандықтан кітапхана – клуб болып біріктірілді. Анығын айту керек, Елбасы ұйғарымы, арнайы жарлығымен 2000 жылы мәдениетті қорғау жылы деп жарияланған сәттен бастап мәдени мекемелер, олардың қатарындағы кітапхана жұмыстары жанданып жүре берді. Мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жанды көмек көрсетіліп, күнбе – күн қамқорлық жасалуы біздің түрлі мәдени – бұқаралық шараларды көптеп өткізуімізге жағдай туғызды. Мәселе түйінін шешетін қаржыландыру жайы да оңтайланып, кітапханашылардың жалақылары өсіп, кітап қорын толықтыруға және ағымдық баспасөз түрлерін жаздырып алуға жеткілікті дәрежеде қаржы бөліне бастады. Кітапхана ұлттық мәдениетті өркендетуге өз үлесін қоса отырып, ауыл кітапханашыларын қазіргі заман талабына сай қайта түлетіп, жабылып қалған кітапханаларды ашу, жаңа технологиялық озық үлгілер енгізу мақсатында әдістемелік орталық ретінде тың серпінмен еңбек етуде. Киелі руханият ордасы уақыт озған сайын қоғам дамуынан қалыспай ілесіп, өркен жая түсуде.  «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасы бойынша 2001 – 2011 жылдар аралығында 10 жылда атқарған жұмыстар нәтижесінде жеткен нәтижелеріміз:

2001 2011
1 Штаттық бірліктер 37 73
2 Кітап берілімі 340,1 360,8
3 Оқырмандар саны 16,9 17,3
4 ОКЖ кітапханалары 18 24
5 Кітап қоры 186,5 189,7

Бүгінгі таңда ауыл кітапханасы ауыл тұрғындарына мәдени – әлеуметтік қызмет көрсетіп, мәдени демалыс орталығына айналды. Оқырмандардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруда түрлі тақырыптарда көпшілік шаралар ұйымдастырылуда. 2005 жылы Ақтайлақ,  2006 жылы Алғабас, 2007 жылы Қараағаш селолық округіне қарасты орман шаруашылығы елді мекендердің кітапханашылары кітапханаға зор қызығушылығы арқасында өз жеке меншік үйлерін кітапханаға бөліп берді.

Кітапханашылардың кәсіби деңгейін көтеруде, іс – тәжірибе алмасу мақсатында 2004 жылы Абай ауданының, 2005 жылы Шахтинск қаласының кітапханашыларында, жыл сайын Н.В.Гоголь атындағы облыстық ғылыми – әмбебап кітапханасында өткізілетін семинарларға қатысамыз. Сонымен қатар кітапханамыз ауыл мен қала арасындағы ақпараттық теңсіздікті жою мақсатында әлемдік ақпараттық жүйеге қосылуға қол жеткіздік. «Электронды үкімет», Интернет ресурстары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Адам құқығы» цифрлы кітапханасы оқырмандарды құқықтық ақпараттық деген сұранымдарын, тереңірек іздестіруде үлкен жетістіктерге жол ашылды. Электронды каталог «Рабис» каталогизатор, Іздестіру актісі, Power Point, Fine Reader бағдарламаларымен жұмыстар атқарылады.

Көп жылдар бойы жемісті қызмет істеп, жас мамандарға үлгі – өнеге көрсететін білімді де мейірімді жандар: Р.Қалимолдаева, Г.Жарылғапова, З.Қызылбаева, Т.Искакова, Ұ.Алшымбекова, С.Шайхина, Б.Шарипова, К.Бейбітова, М.Ахметова, Ш.Иманбаева, Ғ.Исаберлина, С.Акимова, А.Оралбаева, Г.Ахмедина, Ж.Нығманова, Р.Серікбаева, Г.Оспанова, Ж.Смайыловалар болса, өз істерін жанындай сүйе білетін өнегелі қыздарымыз: Г.Төребаева, Г.Аманбаева, Б.Жапина, Г.Жакупова, Н.Смагулова, А.Жаншораева, Ж.Әкімова кітапханада өтетін әр іс – шараны бірлесіп ұйымдастырып, белсенділіктерін танытып жүрген жастар.

Білім бұлағының қайнар көзі – кітапханалар сарқылмай өрлеп, өркендей берсін.