Алпысұлы Ақыжан

25.01.2016

akyzhan_alpysulyАЛПЫСҰЛЫ Ақыжан (1896-1966) Ақмола үйезі Ақтау болысының ауылында туған. Жаңаарқа жерінде тұңғыш ұйымдасқан мойынсеріктің (ТОЗ) бастығы. 1929 жылдың көктемінде өзі басқаратын 17 үй мойынсерік мүшелеріне көктемде кірпіш құйдырып үй салдырады. Қысқа қарай мойынсерік мүшелері салған үйлерге аудан орталығы орнайды. Ол қазіргі Атасу поселкасы атанып отырған Жаңаарқа ауданының орталығы.

Ақыжан 1930 жылы Жыланды поселкасынан 12 пар атпен желдиірмен әкеліп Сарысудың терістік қабағына (кәзіргі  телемұнара тұрған жерге) орнаттырған. Диірменді орнатып жүргізген ТОЗ мүшесі Рақым мен Сәти ұста екен. Ол диірменді  1934 жылы Қарлагтың Ақтайлақ  бөлімшесіне беріп жіберген.

Ақыжан 1929 жылдан 1939 жылға дейін колхозда әртүрлі басшылық қызметтер атқарады. 1939 жылы партия шақыруымен Қарағандыға ауысып шахтада 8 жыл проходчик болып істеген. Одан қайыра елге оралып колхозда көп жыл ферма меңгерушісі болған. 1956 жылы Алғабас колхозының аға жылқышысы болады. Алғаш қабылданған 155 жылқыны үш жылда 213 басқа жеткізеді.

Ақылжан өлеңдерін көзі тірісінде баспа бетіне ұсынбаған. Жазғаны жазған жерде қала берген. Ол кісі өлгеннен кейін ұрпақтары жинастырып баспаға ұсынған. Ақыжан өлеңдерінде өзі өмір сүрген кезеңдегі ел тынысы, замана шындығы кең қымталып шынайы көрініс тапқан. Колхоз құрылысындағы келеңсіз құбылыстар, адам бойындағы жағымсыз жайлар қаз қалпында суреттеледі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.І.Ісләмұлы.Атыңнан айналдым,Жаңаарқам/Қарағанды:Болашақ –Баспа,1999– 45 бет.

2.Жұмаділдин.А.Жаңаарқа.Дерекнама. – Алматы:Кенже – Пресс – Медиа,2003. – 87 бет.