Ардагер азамат, ардақты ақын

25.01.2016

         Қай халықтың болсын өзінің елдік қасиетінін, рухани қазынасын, тарихында өлмес – өшпес із қалдырған ақыл ой кемеңгерлерін мақтан етеді, ардақ тұтады. Қазақ халқының өткендегі тарихына үңілгенде ұлы істердің басы – қасында болып, ыстығына күйіп, суығына тоңған ер азаматтарымыз еске түседі. Олар өздері үшін өмір сүрмей, жеке өмір дегенді білмей, барлық жастығы мен қызықты күндерін қуғын мен патшаның түрмесінде өткізген, өмірін халқының жарқын болашағына арнаған жалынды жандар еді. Бүгін олардың есімі тарих бетіне алтын әріппен жазылып, аттары мен еңбегі халықтын ыстық ықыласына бөленіп отыр. Туғанына жүз жылдығы аталып отырған Сәкен Сейфуллиннің сол аз ғана топтың ішінде болуы оны сүйіп құрмет тұтатын барша қауым үшін зор қуаныш.

         Сәкен есімі қазақ халқының сүйікті ұлдарының қатарынан құрметті орын алады. Бүгін ол туған халқының мақтан тұтар ұлттық батырларының, аты аңызға айналған қаһармандарының бірі. Жиырмадан жаңа асқан шағында Сәкен аты ел аузына аңыз болып ілікті. Халықты езгіге қарсы үндеген отты жырлармен, жалынды сөздерімен, оның сол бір арпалыстың от –жалынында кешкен азапты да ерлікке толы өмір жолымен, одан кейінгі жас үкіметтің басындағы жетекшілік қызметімен оның аты ерте шықты. Ол өткен жолдың шындығының өзі аңызға пара – пар еді. Атаман Анненковтың азап вагоны мен Колчактың  тұтқын лагерінін қысымынан қашып құтылып, қараңғы түнекке қарсы қажымай қайта күреске шыққан адамның ерлігінін өзі аңыз боп тарады. Оны халық отқа салса, күймейтін, суға салса батпайтын, тілдессе сөзден жеңілмейтін, батыр, шешендердің бірі санады. Мұның бәріне Сәкеннің ғажайып ерлікке толы азаматтық өмірі, ақындық еңбегң, өзінің жеке басының сүйкімділігі себеп болғаны даусыз.

Халқымыздың сан ғасырлық өмірінің қоңыржай қоймасын марқабат, махаббат жанарымен, ой көзімен сараласақ, не бір асыл қазыналардың ішінде шұғыласын шаша жанып, нұрына тояттатып, өзіне шақырып тұрған гауһардай аяулы да асыл мүлік бар. Ол – Сәкен Сейфуллиннің қазақ халқының ұлттық мақтанышы, аяулы асыл азаматтың мүлкі. Өмірдің өзіндей жалынды, ыстық сезімге толы, әсерлі Сәкен шығармалары талай буындардың арманын оятты, биікке, бақытқа қанатын қаққызды, белдескен майданға шақырды, алагеуім көкірек көзіне дәуір шапағын құйды, өз нұрымен – жыр нұрымен жұбатты.

Алдымен ауыл молласынан сауатын ашқан Сәкен Нілді мыс зауытындағы орыс – қазақ мектебінен білім алады. 1903-13 жылдары Ақмоладағы Приходская школада, кейіннен екі класты училищеде оқиды. 1916 жылы Омбының мұғалімдер семинариясын бітіріп, оқытушы болады.

Сәкен Сейфуллинбала кезінде – ақ бас боларлық қасиет – қабілеті бойынша көп екенін көрсетті. Ол 1913 жылы «Омбының ортылық фельдшерлік мектебі» деген мақала жазып, «Айқап» журналының  21-санында жариялады, яғни 19 жасында оқу – ағарту, мектеп жұмысы туралы мәселе көтерді. 1914 жыл ақын үшін құнарлы жыл болды: оның «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы Қазан қаласында жеке кітап болып басылып шықты. «Манап» драмасы туралы» деген сын мақаласы мен «Туған жерім – өз елім» атты лирикалық өлеңі «Айқап» журалында жарияланды.

Кітап шығару мен баспа бетінде мақала жариялау салтқа енбеген сол шақтың өзінде Сібірдегі Омбыда қарапайым  оқушы қалпымен Сәкеннің жырақтағы Қазанда кітап шығаруы, Троицк қаласындағы «айқапта» мақала жариялауы бірсыпыра сырды аңғартады. Бұл қажырлы, қайратты заманның алып тынысын сезінген, оның құдіретті күшімен қуаттанған, құнарлы ақыл мен жомарт сезім жебеп, жұртқа айтары мол екенін ерте – ақ шамалаған, көңіліндегісін елінің түкпір – түкпіріне паш етуді парыз санаған жанның қимылы.

Ақыл тоқтата қоймаған жасаң Сәкеннің алғашқы қадамынан – ақ өр мінезді екені байқалады. Ол ешкімнен қымсынатын, беделділердің алдына бас ие қоятын емес, оларды бар – жоқ деп тергейтін де сиқы сезілмейді. Оның көз тіккені қалың бұқара, сонымен қолма – қол төте сөйлеспек, әлеумет алаңына тайсалмай шыққан, айтарым ауыз толтырып сөйлеуге тұрарлық, оны жұрт мақұлдайды деген нық сенімде.

Бұл жылдардағы өлең – жырларында ақын қарапайым еңбекшілер, мал баққан кедей – батырақтарды, аяусыз қанауға ұшыратқан қазақ байлары мен патша әкімдерін сынға алады. Патша үкіметіне қарсы 1916 жылғы халық көтерілісі тұсында Сәкен қалың бұқара жағында болады.

1917 жылы С.Сейфуллин Қазақ топырағында алғашқылардың бірі болып қоғам қайраткері ретінде қалыптаса бастайды.

С.Сейфуллин жиырмасыншы жылдары жас қазақ совет республикасының саяси – қоғамдық, мемлекеттік өміріне тікелей араласады. Ол орталық және Қазақстан атқару комитеттерінің мүшесі, республика халық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақстан халық комиссарлары советінің төрағасы болады. Отызыншы жылдары ол республиканың мәдени – ағарту, оқу – педагогикалық, көркем әдебиет істерімен айналысатын мекемелерінде басшылық қызмет атқарады.

Қазақ әдебиетінің көш бастары болып жол тартқан Сәкен әдеби майдандағы ауыр сындарда толқымады, қайыспады, қарыса отырып ілгері басты.

Сәкен Сейфуллиннің өзіне тән ерекшелігі едәуір. Ол мол ақыл, мол дарынның үстіне оқыған, тоқығаны көп, аса білімді болды.
Өзінің елінде, Нілдіде, Ақмолада, Омбыда оқығаны өз алдына, Сәкен еш қандай оқу программасына симайтын білім қазынасымен қаруланған.

Сәкеннің әкесі Сейфолла жаратылыстан дарынды, хат – қағазға жүйрік, өлеңді өнер деп қуып көркем сөзге жасынан машықтанады. Ол туған фольклор мен әдебиетке, шығыс әдебиетіне жетік, «Тотының тоқсан тарауы», «Мың бір түн» секілді ғажайып хикаяларды жатқа айтады. Ол Сәкенді жасынан сөз өнеріне суарып, әдебиет халықтың мұңшысы, жыршысы екенін танып талаптанарлық рухта тәрбиелейді. Шаруасының шағындығына қарамай, баласын орыс мектептерінде, алыс жерлерде оқытты. Сейфолла заман ағымын шамалаған зейінді адам болған.

Сәкен Сейфуллин әлеумет алаңына бүкіл Россияда революциялық рухани зор өрлеу шағында шықты, сол өрлеудің құдіретті әсерімен демденді, Сондықтан ол заман талабына сай білім алуды өзіне борыш санады, арнаулы кітап программасымен шектелмей, өз бетімен көп оқып, тоқыды, түбірлеп қуынып заманның, өмірдін құпия сырларына қанды. Зейіні кең, пікірі мол, ақылы толғамды Сәкен даналығы көксейе келе мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді, революциялық жұмысқа араласты. Оның басшылық, ұйымдастырушылық, мәдени, әдеби қабілеттері ашылды.

Өзінін замандасы, орыс жазушысы Галина Серебрякованың мына бір сөзі бұл пікірімізді дәлелдей түсері даусыз: «Жаратылыс Сәкенге тән сұлулығынан жан сұлулығын кем бермепті: оның адамды тартып әкететін жұлдызы күшті еді. Сәкен орысша сөзді грамматика заңынша дұрыс сөйлейтін, тіпті ережелі дұрыстықты тым қатты сақтайтын. Әдебиетше сыпайы сөз орамына жүйрік Сәкен ақын классиктердін де, замандастарының да талай өлеңдерін жатқа заулатты. Әңгіме арасында Сәкен өмірді сүйе білген ұлы Омар Хайым мен ақындықтың патшасы Фирдаусиді төрт –бес рет ауызға алған. Ол маған әсіресе Қазақстанның алуан сыр сипатын, ажар – көркін үлкен шабыт, зор махаббатпен тесіле, тебірене айтқан еді. Сейфуллиннің сол бір жалынды жинақы әңгімесін тыңдағанда, бейтаныс шалғай өлкені тұңғыш сүйгем.

Ол өзінін туған елін ет жүректен терең сүйіп, жанынан артық көретін, халқының басынан кешкен тарихын бақайшағына шейін білетін. Сәкен аузынан Абай жайында көп қызық естідім. Сәкен өз халқын бес саусағындай біледі екен. Халқының зор болашағына қатты кенеді екен.

Мен таныған Сейфуллин Сәкен сол алып Қазақстанның бір бөлшегі сияқты. Сәкен бар жан – жүрегімен туған елінің, өз халқының бел баласы еді, халқына жаны пида жақсылардың бірі еді».

C.Сейфуллин шын мәнінде жаңашыл жазушы. Ол ескі сүрлеуді қуған жоқ, әдебиеттегі көнермес үлгілерді творчестволық жолмен пайдалана отырып, өмір поэзиясының тыңдарын көтерді, құдіретті күнделікті жырлауды әдеби салтқы енгізді, жаңа мазмұнға ылайық жаңа түр іздеді, оны тапты да.

Сәкен мұрасы – көп қырлы да күрделі. Мемуар, роман, повесть мен әңгіме, поэма мен лирика, драма мен публицистика , әдебиет ғылымы мен әдебиет сыны – барлық жанрда оның тамаша таланты жарқырап көзге түсті. Ақынның осындай бай қазынасы, қымбат мұрасының ішіндегі ерекше қасиеттісі, таңдаулысы, маржаны – поэзиясы. Сәкен – ең алдымен ақын. Оның негізгі табысы, жаналығы шырқап шыққан биігін бірінші кезекте осы саладан іздеген абзал. Сәкен құдіретті, оның ақ жарқын, адал жүрегінің лебі, ыстық қаны, жастық қиялы, азаматтық ой – арманы, эстетикалық сезімі бәрі – бәрін туған сахарасының самал желі есіп, жусан исі аңқыған ақын поэзиясының алқабынан табамыз. Поэзиясынан сымбатты тұлғасын, сұңғақ бойын, өр мінезін, ерлік істерін жүрегіңмен сезінесің. Ақынның жеке басының табиғатын поэзиясына тән құбылыстан бөліп алып қарауға болмайды.

Сәкен Сейфуллин творчествосының шоқтықты табысы –оның алуан түрлі әсерлі және көркемдігімен,  бай мазмұны және ұшқыр ойымен таң қалдырған тамаша поэмалары. Эпикалы «Көкшетау», нәзік сырлы «Аққудың айырылуы», «Ақсақ киік», «Лашын әңгімесі», әсіресе тегеуірінді толқымалы «Советстан», «Альбатрос», «Қызыл ат», «Социалистан» поэмалары қазақ әдебиетінде жаңа құбылыс болды.

«Советстан» мен «Социалистанның» негізгі кейіпкері классикалық әдебиеттегідей жеке адамдар емес, халықтын жиынтық образы. Бұл поэмалар – Сәкеннің ілгері – кейінді ізденістерінің қорытындысы, қазақ поэзиясындағы жаңашылдықтың үлгісі, әбден қалыптасып, көп уақыт өнеге шашқан өрнек.

«Ақырды асау – жаңғырды дала, тулады, орғыды асау – дүбірлеп күңіренді дала… Көкіректі кернеп, кең даланы күңірентіп, қатты айқайлап ән салдым. Әніме қосылды – кең дала, аққулы, қазды шалқар көл, қамысты, құрақты көк өзен, – қосылды бәрі шуласып, қосылды бәрі шаттанып» – деген асқақ романтика алып екпінмен орнап жатқан жаңа өмірдің адуындығын аңғартқандай. Сондықтан Асау тұлпар аумалы – төкпелі заманды бейнелеуге жарайтын образ болды. Бұл образда біріне – бірі сабақтасып, қабаттасып жатқан екі жай бар. Бірі – тұлпар қазақ әдебиетінде ерекше қастерленгендіктен оның дәстүрлік сипаты қалың болды. Сәкен Асау тұлпарды жырлағанда қазақ халқының таным – білігінен алыстамай, дәстүрді пайдалану арқылы әсер ету мақсатын көздеді. Екіншіден, Сәкен жырлауында тұлпардың сыртқы түрі ғана сақталып, ішкі мазмұнын, көздеген мақсаты, мінез – қылығы, іс – әрекеті мүлде жаңаша суреттелді. Осы тұрғыдан алғанда қазақ поэзиясында Сәкен сіңіре бастаған жаңалық әуелінде ескі дәстүрге сиымды болып, соның бесігінде ер жетіп, заманға лайық жаңа түр екенін анық аңғартты. Соның нәтижесінде Асау тұлпар жаңа өмірдің апалан – топалаңы мен ізденісіне сай табылған романтикалық астары қалың образ болды.

Сәкен жиырмасыншы жылдардың ортасында замана ағымына қарай қара айғыр –отарбаны ауызға ала бастады. Паровозды қара айғырға теңеу арқылы «дайындық жұмыстарын» жүргізіп, оқушының поэтикалық түсінігін келесі жаңа образға бейімдеді. Соның нәтижесінде «Біздің тұрмыс – экспресс» деп жар салуға мүмкіндік алды.

Бұрын атым тұлпар еді, бәйге көк

Енді міне, пойыз болды, тұлпар жоқ.

Ұзақ жолға!

Тұлпар қол ма?

Мейлі жорға!

Тұлпар міну-

Сарыарқада жүрсең тек-

Деген түйінге мықтап бекиді. Негізі жаңа қалана бастаған өмірдің бейнесін осылай суреттеу қазақ әдебиетінің  сол кездегі дамуының зор табысы болғаны даусыз және тарихи шындық. Орнықпаған, әлі де талай өзгерістерге кезігетін өмірдің негізгі бағытын айқындауда Сәкеннің романтикалық леппен, публицистикалық сазбен жазған «Советстан» жаңашылдықтың асқар асуы болуы осыдан. Сонымен бірге Сәкеннің  советтік өмірге арналған поэмаларының лейтмотиві – жұмысшы табына деген ықылас, суйіспеншілік. Ақын түсінігінде, сарқылмас күш жұмысшы табында. Қандай айбынды, зәулім істер болмасын оның қолынан келеді. Өмірді өзгертіп, даланы гүлдендірген, фабрика мен зауыт салған, трактор мен комбайн жасаған сарқылмайтын жігер, күш иесі – еңбекші халық.

         Сәкен поэзиясы – уақыт жемісі. Көзін жана ашып келе жатқан қазақтың жарлы – жақыбайына жаңа өмір, жаңа идеалды түсіндіру қажеттігінен туды. Тарих қажеттігіне жарады. Сондықтан да, «Социалистан» сияқты кейбір шығармаларында шытырман оқиға, көркем образбек қатар ашық үгіттеу, тура үндеу кездесе береді. Бұл – сол кездегі поэзияға тән ерекшелік.

         «Көкшетау», «Лашын әңгімесі», «Аққудың айрылуы», «Ақсақ киік», «Тау ішінде», «Сыр сандық» өлең, поэмалары әсем сәнді қиял толғанысы. Көңілі күйттеулі нәзік жанның сезімі – жүрек сыры. Асықтықтың құштарлықтың ыстық лебі. Ағынан жарылған ақын шабыты. Үлбіреген  көңіл күй. Ақын достықты, адалдықты жырлайды, мадақтайды. Аяулы жанды, көркем көріністі бағалай білуге үйретеді. Әсемдікке ғашық ақын – әсемдікке ғашық болудың, жүрекпен сезінудін үлгісін көрсетеді, уағыздайды.

Арқада бір жер бар еді,

Жібек самал саясы:

Саяда бір көл бар еді,

Сырлы кесе аясы.

Маржан құмы, күміс суы,

Көл еді  кең айнадай.

Мұнарытқан толқын буы,

Көк кестелі айнала….

Әдемі еді мөлдіреген

Айна көлдің көрнегі.

Су бетінде елбіреген

Ақ шашақтар өрнегі…

«Ақсақ киік», «Көкшетау», «Аққудын айрылуы», «Лашын әңгімесі» өзара жақын туындылар. Тіпті кең тынысты бір шығарма деп қарауға да болады. Поэмаларында ақын биік гуманистік  тұрғыдан маңызды әлеуметтік, моральдық, проблемалар көтерген. Адам баласы бірімен – бірі дос, адал болуы керек. Көре алмаушылықты, қастандықты, қаталдықты мансұқ етейік. Досың үшін бір қасық қаның қалғанша белдес. Махаббатты ардақта, ісіне берік бол, жауыз да, жауыздық та махаббат алдында бас иеді – дегендей үн қатады ақын.

         Сәкен поэзиясы әсерлі поэзия. Мөлдір бұлақтай тазалығымен риясыз албырттығымен, жас жігер, жақсы ниетімен қызықтырып, ұмытылмас әсер қалдырады, оқушыны баурап алып, ақын жүрегінің арпалысына салып жібереді. Оқушысы ақын қуанышы мен бақытына да, күреске ұмтылған қайрат – жігеріне де, махаббаты мен ыза – кегіне де, қайғы, мұнына да бірдей ортақ  боп кетеді. Ғажайып  сиқырлы музыкадай адамның жан – жүрегін билеп алып, ой – сезімін еріксіз  оятады. «Советстанды» оқыған кезде, өзіңнің де қиян – кескі ұрысқа, осынау аласапыран арпалыс, дүлей дәуірдің қаһармандық пен романтикаға толы қым – қуыт дүрбелеңіне қолма – қол араласып кеткің, ерекше бір ерлік жасағың, білекті түріп  тастап тас өріп, үй қалағың келеді. «Аққудың айырылысуы» сұлулықтың, мөлдір де асқақ махаббаттың ғажайып тылсым дүниесіне  еліктіріп, ертіп әкетеді. Дұрыс – дұрыс соққан жүрек  үлкен өмір шиырына бойлай жөнеледі. Егер жас жігіт болсаң, дәл сондай біржолата беріле сүйетін өршіл махаббатқа ие болғың келеді. Егер шашыңды қырау шалған, ақыл тоқтатқан отағасы болсаң, жас дәуреннің, алғашқы махаббатың қайта оралмас қызық шақтардың, жанымен сүйген жас құрбың еске түсіп, жүрегің құлазып қалады; «шіркін – ай» деп ақынға алғыс жаудырасың.

         С.Сейфуллин асқақ поэзияны бұрынғы өмірден емес, өзі күн кешкен ортадан іздеп тапты. Оның творчествосының құдіретті күші өз халқының бүгінгісі мен болашағын шабытты жырлаумен қатар сол заманның жанды тербер, жанға ләззат етер поэзиясын ғажайып талантпен ашуында. С.Сейфуллиннің көп қырлы, алуан сырлы творчествосы тыңды образдалып қазақ әдебиетіне тұңғыш жол тартты, оның туып, қалыптасуында, дамуында озық роль атқарды, күрделі шығармалары халықтың сөз өнеріміздің алтын қорына қазына болып еніп, әдебиетіміздің классикалық тұлғаларының төрінен орын алды.

         С.Сейфуллин шын мәнінде жаңашыл, батыл наватор жазушы еді. Ол ескі сүрлеуді қуған жоқ, әдебиеттегі көнермес үлгілерді творчестволық жолмен пайдалана отырып, өмір поэзиясының тыңдарын көтерді. Творчествосының денін поэзияға жұмсаған Сәкен прозада да өмірдің күрделі мәселелерін тербеді, оны өз үнімен, өз өрнегімен жырлады , өзінің көркемдік айшығымен бедерледі.

         Сәкеннің өнерпаздық тұлғасын ірілендіріп көрсететін поэзиясаласы болғанымен, оның қазақ прозасын өркендетуде қосқан үлесіде қомақты. 1917 жылы «Жұбату» атты тұңғыш көркем әңгімесін жазды. «Тар жол, тайғақ кешу» романының алғашқы тараулары 1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланды. Бұл – Сәкеннің прозамен ерте шұғылданғанын көрсетеді. Кейіннен повеске айналған «Айша» әңгімесі де 1922 жылы осы журналда жарық көрді. Оның қаламынан «Тар жол, тайғақ кешу» романы, «Айша», «Жер қазғандар», «Жемістер», «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» повестері, «Бандыны қуған Хамит», «Жұбату», «Омар», «Қыр балалары», «Екі кездесу», «Ленин бізбен бірге», «Сырын білмей сыртына сенбе» тағы басқадай әңгімелер туды.

         Сәкен прозасы әдебиетімізде проза жанры жаңа туып тәжірибе құрап жатқанда дүниеге  келді. Тар жол, тайғақ кешудің авторы бүгінгі тақырыпты игеру  жолында тұңғыш эксперимент жасаушылардың алғы сапында еді. Соныға бората жол тарту бар, даңғыл жолды қуалай жөнелу бар. Бұлардың нарқы басқа –басқа. Сәкен тұяқ тимеген өмір өлкелеріне жол ашты. «Тар жол тайғақ кешу» мен «Бандыны  қуған Хамит» Сәкенннің әдебиетімізге дербес қосқан үлесі. Жазушы замандастарымыздың көз тартар тұлғаларын жасау ниетімен «Жемістер» мен «Жер қазғандарда» батыл эксперименттер  де жүргізді. «Айша» повесінде дағдылы тақырыпты желді романтикаға бөлеп, өзіне тән соны өзгешелігімен жаңаша бейнеледі.

         Жазушы прозалық шығармаларында қазақ халқының бұрынғы ескілік торлаған кездегі, сынды өткелді революция жылдарындағы советтік дәуірдегі образдарын жасады.

         «Тар жол, тайғақ кешудін» бірсыпыра тарауларында, «Екі кездесуде», «Айшада», «Сол жылдарда», «Қыр балаларында» ескі ауыл сан қилы келбетімен, әдет –ғұрпымен кең көрінеді. Өмір оқиғаларын бейнелегенде шыншыл, реалист, оқиғаның заңды ағысына қол сұғып, өктемдік жасамайды.

Сәкеннің суреттеуінде ескі ауыл екі жүйе, екі топ. Әр қилы сыны, сипаты бар үстем тап өкілдері паң Нұрмағанбет, болыс Садық, Жібекті тоқалдыққа алған, «борықтай, шіріген ағаштың түбіріндей, қара – тарғыл, жуан, тарлан шалдар» бір жүйе. Еңбек адамдары – өз тіршілігі бар үлкен қауым.

Реалист жазушы үстемдерді құлдыратпайды, еңбек адамдарын орынсыз әсірелемейді, әр қайсысын заңды өмір сатысында, тіршілік дағдысында бейнелейді. Сәкен суреттеген ескі ауыл дамуда, ілгері басуда, өзгеруде көрінеді. Тұнба шырғалаңы көп өмір бірақ төрт тағандап қатып қалу жоқ, қыбыр, қимыл бар, ілгері жылжу бар.

Сәкен прозасынан революция жылдарындағы қазақ елін жаңа сатыда көреміз. Жазушының туған, тұрған, жүрген аймағында ғана емес, Қазақстанның облыс – облысында, түкпір – түкпірінде топ – топ интеллигент. Олар әлеуметтік әр сатыда, әр дәрежеде әр қилы көзқараста. Оғаш, оқшау тұрған ешкім жоқ, түрліше ниетімен, бағытымен бәрі де көптің ортасында. Қазақ елі Россиямен, қала поселкалар тіршілік тығыз қатынаста, байланыста, елеулі оқиғалар қала, далаға ортақ.

Қазақстанның аралаған, көрген, үлкен Россия мен байланысты тіршілік қалпын көңілімен талай салалаған С.Сейфуллиннің бұлайша суреттеуінде ерекше  мән бар. Бұл – шындық, реалды өмір бейнесі. Россияны мекендеген халықтардың, соның ішінде орыс пен қазақ халқының тағдырластығы, мүдделестігі, арман талабының сабақтастығы – өмір дамуының жемісі.

С.Сейфуллин советтік дәуірге енген қазақ елін де түрлі өмір белестерінде, салиқалы  сипаттарда бейнелейді. Алайда автордын баса айтары айтары бар. Суреткер Сәкен өмір сырларын нақты кейіпкерлер арқылы, солардың әрекетімен, арман – талабымен байланысты бейнелейді. Дегенмен автордың басты тұжырымы айқын: ескі ауылдың өмірі бос митың, кенеусіз әбігерде өтсе, советтенген қазақ елінің өмірі құнарлы, мағыналы іске толы. Халықтың қилы ұшқыр, тілек – талабы әлемдей. Мұндай өмір өрнектерін біз жазушының «Жемістер», «Жер қазғандар» повестерінен көреміз.

«Бандыны қуған Хамит» тақырыбы аса күрделі: совет  үкіметін ішкі –тысқы жаудан қорғап қалу, баянды ету қамы. Осы мейілінше зор да шексіз тақырыпты жазушы таланты шеберлік пен маңызды түйін тапқан да, бір көрініспен келістіре бейнелеген. Жазушы жауды әлсіретпейді, өмір шындығын бекем ұстап, бандылық күрес жолына түскен дұшпан өзіне өзі сеніп қимылдап жүргенін, тайынбас өжеттігін, қанын торсыққа құйған өлермендігін, амалына күші сай cұрапылдығын нақты бейнелермен береді. Жау осал емес, оны жеңген Хамиттың күші мен айласы тым өткір деген тұжырым туады.

С.Сейфуллиннің әйел теңдігі тақырыбына жазылған шығармалары бірқыдыру.

«Жұбату» атты 1917 жазылған әңгімесінде автор еркіндік таңының ата бастағанына қуанып, демдене шаттанған күйде зарлы қызға жұбату айтады. Бұрын өмір қыспағында жаншылған қазақ әйелінің талайы жақсы –жаманды ажыратып парықтауға мұршасы да, мүмкіндігі де жоқ, аттың жалында, атанның қомында, кез келген еркекпен кете баратын. «Қыр балалары» әңгімесіндегі Гүлжанның қылығы мен мінезінен деқазақтың әйел біткеніне ортақ сол жайды көреміз, өзіне тән өзгешелігі ашылмаған.

Ал «Айша» повесін алатын болсақ, мұнда бас кейіпкердің характері дараланып, кемелдене толығып, жарқын ашылады. «Айшада» мәселе әйел тендігі шеңберінде қойылады. Повестегі соны жаңалық – Айша образы, оның характерінін құралуы, ашылуы, сан қырымен көрінуі. Автордың суреттеуінде, ол ақыл сезімі толық кәмелеттенген адам. Айша басын сағалай, қалаулы бай табуды уаныш тұтып, тыныштық бағатын жан емес, зейіні кең, қайраты мол, өртке қымсынбай өнер өжет, игілігі ірі істерді тындырар көрнекті қайраткер болуға лайық кейіпкер.

Сәкен драматургияга екі пьесасымен енді. Олары әйел теңдігіне жазылған «Бақыт жолына» (1917) мен революционерлердің образын жасауды мақсат еткен «Қызыл сұңқарлар» (1920). Екеуі де аспанға шапшыған революциялық рухымен бағалы.

Сәкен творчествосы өзі өмір сүрген дәуірге, ортасына ғана жүрек лүпілін арнаған, қан – қуатын сарқыған уақыт шеңберіне желі тартып қана қойған жоқ, бұл күнде де бұрынғысынша ұлы іс салтанатына жемісті, игілікті қызмет етуде. Жарық дүниеден творчестволық өрлеу үстінде қайғылы халде үзілген жарқын бейнесі мен өмірі, аты мен шығармалары жаңаша  махаббат пен сүйіспеншілікке бөленуде. Оның дүниеден өткен, қайтып келмес өмірінің қасірет – қазасы халқы үшін қаншама ауыр болғанымен, оның дүниеге келген, дүниеде жүрген қуанышы – біз үшін, ел үшін, көктемдегі жомарт күнді көрудің қуанышындай ұзақ та ыстық қуаныш. Ол бізге еліміз деп мақтануға ерік беріп кеткен перзенттердің бірі. Ол біздің көз алдымызда қызыл қанат сұңқар болып самғай бермек. Ол армандаған аяулы өмір, мұратты заман оның еңбегі мен есімін қазір ең бір қасиетті биікке, арман биігіне көтерді. Ол сол биіктен тамаша күрескер, ардагер азамат, аяулы ақын, өнердің қолбасшысы ретінде – барлық нұрлы қасиетімен, шұғылалы өмірімен, асқақ сұлу қияпатымен көз қуантып, жайнап, жарқырап тұрмақ. Ел оған, ол еліне жарасқан. Оның есімін атасаң – ақ, өмірде адам болудың, азамат болудың барлық қиындығы мен рақат – қызығы ойыңа оралады. Ол сені не бір пендешіліктен, ұсақ күйбең әрекеттен арашалап алып, барынша табиғи ірілікке, шынайы кісілікке, ақыл – парасатқа, абзал мінезге, асыл еңбекке шақырады. Міне, осынау ұлы тұлғаға мақтанышпен қарап, қадір –қасиет тұтатынымыз да сондықтан. Қазіргі тәуелсіз елімізде қаулап өсіп келе жатқан жастарымыз да, өмірдің сан белестерін артқа тастаған қарттарымыз да Сәкенді өте – мөте ыстық көретін себебі де сол.

Cәкен 1917 жылдан былай қарай, әсіресе қазан революциясы кезінде жазған «Асығып тез аттандық», «Тергегең болсаң, айтайын», «Кел, жігіттер», «Далада», «Қамаудан», «Тұлпарым», «Жас қазақ марсельезасы», «Жұмыскерге», «Жолдастар», «Кімде – кімнің тасқын судай қайраты», «Аспанда» сияқты революцияшыл мазмұнды, жалынды қанатты сезімге бөленген өлеңдерінде ақын қазақ еңбекшілерін ескі құлдық өмір тәртібін талқандауға, бақытты  тұрмыс үшін қарырлы күреске шақырады. Сәкеннің:

         Намысы бір кедейдің балалары,

         Неше мың жыл құл болған бабаларын,

                                               жолдастар!

         Сансыз кедей жиналып салдық ұран,

         Сол нашардың жалғыз бір паналары,

                                               жолдастар!

         Кедей ұлы жігерлі,

         Бірігіп ұран салып қал!

         Қызыл тулы майданда

         Бостандықты алып қал! – деген арнаулы әнімен таралған өлеңін қалың көпшілік жаттап алып, шырқап жүрді.

Сәкен революциялық идеяны жалаң үгіттемейді, ол сол идеяны таратуды қалың бұқараның көкейіне қонымды ақындық өнер әдіске де шеберлігін танытты. «Асау тұлпар», «Қызыл сұңқарлар» одан кейін «Домбыра» атты кітаптарда революциямен даланы жаңғырықтырып, ескі дүниені сілкіндірген, өр мен қияны баса – көктеп, арқырай  құйғыта шапқан асау тұлпар бейнесінде сипатталады. Тұлпардың дүбірімен қоса шыққан құдіретті домбыра үнінен меңіреу дала серпілгендей.

Міне, осыдан кейін ақын поэзиясында революциялық жеңісті романтикалық сұңқар құс, тұлпар ғана емес, жел қайық, аэроплан бейнесінде суреттеу сарыны туды. «Жел қайықта», «Аспанда», «Аспанға ұш», «Самұрық» деген өлеңдерінде ақын «дуылмен ойнап», «бұлттардан асып», «қызыл күнге қол созған», жер бетінде де, аспанда  да қажымай бостандық жырын таратушы ерлерді суреттейді.

Сәкеннің көп жылдан бері шығармашылығын зерттеп, өмірбаянын тірнектеп жинап, жұртқа жеткізіп жүрген белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев былай дейді: Сәкенде мен білетін үлкен бір мін бар. М.Әуезовше толғағанда, осы міннің өзі оның қасиетті де болуы мүмкін. Ол мін – шұбасыз сенушілік, алаңсыз табандылық. Бұл қасиет оны абройға да жеткізді, мерт те етті. Табанды адал жүректі болу әрі бақыт, әрі сор болатындығын ұқпағандардың алды да, арты да Сәкен емес. Менің мін деп отырғаным осы. Өйткені оның жалғыз ғана арманы – қорлық көрген халықтың туын ұстап, әділдік жолын іздеп, бостандық, теңдік, байтаққа күн – түн қатып жету еді. Бұл үшін кіналауға болмас, бірақ большевиктік тоңмойындылықпен жасаған қадамдарының шәлкем – шалыс болғаны өтірік емес, елді өркендету  қамында жүргенде артық сілтеп алған тұстары бар. Таптық позиция, лениндік идея, кедей теңдігі дегенге имандай сеніп, ойланбай сілте ген тұсы да жоқ емес. Сәкеннің тарих алдында кінасы бар болса ең үлкені осы сенгеніне құлай берілу, иман деп тапқанынан табан аудармау, көз жазбау, алданып қалмаймын ба деп бір сәтке ойланбау, көзсіз табандылық.

Осы принцип Сәкенді әр қилы өмірде бірде  сүріндіріп, бірде жарқыратып көрсетіп отырды. Тіпті өзі орнатқан кеңес үкіметі 1937 жылы өзіне қатер төндірген уақытта да ешбір шұбаланбай, баяғы сенгенімен кетуі қайран қалатын қасиет.

Дауылды төңкерістің қазақ еліне, кедей – кепшікке әкеле жатқан жаңалықтарын Сәкен жатсынып көрген жоқ. Оны өз қолымен орындады және халыққа сор болады деп есептеген емес. Көргенін, білгенін ашық, анық айтып – жазуды парыз санады. Қаншама аяулы, ардақты, құрметті дегісі келсе де Сәкен «Тар жол, тайғақ кешуде» шындықтан кете алмады. Қазақтын қаншама зиялылары тарихтың шарайнасынан қалай көрінеріне назар аудармай, көрген – білгенін, естігенін жазды. Олардың ұрпағы өсіп, жетілетінін білмеді емес, білді, бірақ шындық бетіне кірбің түсірмеу қажет деп тапты. Жалған айтпай, шындықпен боламын деген принциптің өзіне әр кімнің әр түрлі қарайтын  мінезі Сәкенге дарыған емес. Сол үшін тарих сотына да жауап беруге дайын екенін көрсетті. Міне, Сәкеннің үлкен трагедиясы осы. Бұл трагедияны дәуір шындығын білмейтіндер оңды – солды пайдаланбауы керек, зерделі қоғам ондайларға жол бермеуге тиіс.

                   «Қызыл желдей гулеткен –

                   Сөзді сенің қаламың.

                   Ұлы ұранға күй шерткен –

                   «Домбырасы» даланың.

                   Шап, жүйрігім, тұлпарым,

                   Шапсаң – қуант халқыңды.

                   Шырқа, Қызыл сұңқарым,

                   Салшы көкте саңқылды.

                   Жырламасқа теңіздей,

                   Қуаныштың шегі жоқ.

                   Ардақталған өзіңдей

                   Қазақта ақын тегі жоқ!»-

Дегенде ақындардың абызы, қазақ өлең – жырының Гималайы атанған ілияс Жансүгіров Сәкенге деген өз махаббатын ғана емес, күллі қауымның, бүкіл халықтын махаббатын айтқан.

         Қайғылы қазаға ұшырап, арамыздан ерте кеткенімен Сәкен есімі өлмек емес. Ол біздің тіршілігіміздің бастауында әрқашан қол сілтеп, бізбен тілдесіп, жарқын болашаққа шақырып тұрады.

                                                                                                                                                                                                               Хамит Жаманов.

                                                                                     27 мамыр 1994 жыл.