Бексейіт Сәбит

25.01.2016

sabitbekseitАқын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі БЕКСЕЙІТ(Бексейітов) Сәбит Қыдырбайұлының әдеби шығарма-шылықпен айналысқанына бүгін таңда қырық жылдан асып барады.

Ол – жыр топтамалары ХХ ғасырдың жетпiсiншi жылдарынан берi республикалық «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиетi» сияқты әдеби-көркем басылымдарда, облыстық баспасөзде және ұжымдық жинақтарда жарық көрiп келе жатқан дарынды әрі жаңашыл ақын.

Қазақ жырының хас тарланы Қалижан Бекхожин сонау 1975 жылы Сәбиттің жырларынан өзінше талпынысы бар тапқырлыққа бейім дарынның қалам желісін байқап, ақ батасын берген болатын. Бүгінде тұрғылас ақындар оны өркениет заманының сөзгері (Ұ.Есдәулеттің пікірі),  әлемдік әдебиеттің игі жақсысын тұла бойына сіңірген білімді ақын, интеллектуалды поэзия өкілі(С.Ақсұңқарұлының пікірі) деп бағалайды. Өмiрiн өлеңмен өрнектеген ақынның шалқар шабыт құшағында жазылған шырайлы шығармалары, яки елдік пен ерлік музасы өскелең ұрпақты отаншылдыққа шақырады (А.Смайылдың пікірі).

Бүгін таңда 12 кітаптың авторы. Астанадан, Қарағандыдан, Алматыдан оның «Ғасыркешу» (2000), «Күннің шалқуы», «Келешек керемет» (2001), «Ел үмітін ер ақтар», «Құт қонған Қарағанды» (2003), «Ғасырластарым» (2005), “Рамазан мерген және оның әулеті” (2006),«Астана уақыты» (2008 ж.) поэзиялық және прозалық кітаптары, «Назым-насыр» (2004), “Дүрия дүние” (2012), “ШЕР мен ЗЕР” (2012) атты таңдамалы туындыларының кітабы жарық көрді.

Орыс тілінде де өлең, мақалалар жазып жүреді. Көркем аударма саласында да азды-көпті тәжірибесі бар. Елбасының «Елім менің»атты жүрекжарды жырын 1997 жылы республикада тұңғыш рет орыс тіліне аударды (ол “Экспресс К” газетінде жарияланды). Сондай-ақ Ұлт көшбасшысы туралы “Көш бастаған сәруар” өлеңін, “Төртінші биіктік” поэмасын жазды.

2000, 2013 жылдары көп жылғы жемісті шығармашылық еңбегі үшін Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша 2008 жылы шыққан «Астана уақыты» жыр кітабы үшін Қарағанды облысы әкімінің ақын, жазушыларға белгіленген «Алтын жол» номинациясы бойынша сыйлығын иеленді.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1.І.Ісләмұлы.Атыңнана айналдым,Жаңаарқам/Қарағанды:Болашақ –Баспа,1999 – 153 бет.

2.Мағзымұлы Ж.Жаңаарқа әншілері.-Астана:Фолиант,2012. – 294-бет.

3.Қарағанды.Қарағанды облысы:Энциклопедия. – Алматы:Атамұра,2006. – 179 бет.

4.Жұмаділдин.А.Жаңаарқа.Дерекнама. – Алматы:Кенже – Пресс – Медиа,2003. – 103 бет.