Дала дауылпазы – Сәкен Сейфуллин!

25.01.2016

         Қазақ халқының аса бір мақтаныш ете аузына алатын есімі бұл! Туған халқымыздың игі тамаша қасиет – сипаттарын, ұлттық мінез – құлқымыздың жарқын көріністерін бүгін әркім – ақ осы бір азаматтың бойынан тауып, сүйсінгендей, мейірленгенді.

Сәкен дала дауылпазы. Ол бүкіл Россияны дүр сілкіндірген Октябрь дауылы мүлгіп жатқан даланы да орнынан көтеріп, оятқанда бостандық, бақыт үшін күрестің алдыңғы шебінде болды. Жаңа жолдың қиындығы оны қайыстырмады, қайта ол желге қарсы бетін түзеп, өршелене қанат қаққан қыранша қарыса түсті.

«Шақырыңдар аттағы ұйықтаған, именшек, бақыт жолын білмейтін бауырларыңды!

Шақырыңдар арттағы құлдықта жүрген бауырларыңды?

Қосыңдар дауыстарынды!

Күшті дауыстар мен қызу ән жаңғыртсын дүниені!

Жаңғыртыңдар, жаңғыртындар ескі дүниені қайратты ер жастар!»

Күш артына бұрыла жар салған жалынды ақынның осы күшті әні күні бүгінге дейін әркімнің ақ құлағында.

Сәкен Сейфуллин қазақ совет әдебиетінің ірге тасын қалаушысы есебінде бар жанрда қалам тербеді. Ол – әрі жалынды ақын, әрі кең тынысты прозаик, әрі шебер драматург, әрі білгір әдебиет сыншысы. Сәкен – қазақ әдебиетіндегі «Тар жол тайғақ кешу» сияқты кең құлашты, дүрмекті оқиғалы тұңғыш романның авторы. Сондықтан қай жанрда болсын біз ең алдымен аузымызға Сәкен атын аламыз.

Сәкен – ақын. Сәкен – революционер, азамат, патриот. Оның есімімен қатар аталатын, тіпті бөлінбес біртұтас ұғымға айналған осы сөздерді тудырған социалистік революция. Сәкеннің ақындық, азаматтық өмірі – осы халықтық сыйпаттарндың жиынтығы. Азамат ақынның орыс достарының бірі, белгілі жазушы Галина Серебрякова мұны әдемі айтты. «Алатау тәрізді соншама ғажап және алып тауды мен бұл дүниеде көрген емеспін. Қазақстанда барлығы да шетсіз – шексіз, ұланғайыр және бай: құнарлы жері мен мыңғырған мал отары да, таусылмас қазынасы мен арқырап аққан өзендері де, сені сұлулығымен таңқалдырған таулары да ең бастысы, табиғат дарынды аямай берген адамдары да – бәрі ғажайып.

Мен Сәкен Сейфуллинді осы қазақстанның кішкентай бір бөлігі деп ұқтым. Және өз халқы мен еліне жан – тәнімен берілген үлкен азамат екенін білдім», деп жазды ол.

Я, ол туған халқының бір бөлігі еді, ұшқыны еді. Сондықтан да қазақ көргің келсе, Сәкенді көр, оның ер мінезі мен сыршыл, сезімталдығын білгің келсе Сәкенге бар, қазақ өнерін танығың, түсінгің келсе, Сәкенді тыңда, оқы дер едік.

Ол туған халқымен бірге өсті, бірге жаңарды.

Ол патша үкіметі құласымен – ақ революцияның от – жалынына араласып, әлеуметтік күрестің жуан ортасында жүрді. «Ер қаруы – бес қару» дегендейін, Сәкен күрес үстінде ақын қаламы мен жауынгер мылтығын қоса ұстады. Мылтығымен оқ атса, қаламымен өлең боратты. Дауыл көтеріп, төтеп тұрған далада тез тараған алғашқы ащы дауыс – Сәкен өлеңдері еді.

Сәкен өмірі – жаңарып, түлеп өскен туған халқының өмірі. Оның қызметінің өлшемі – халыққа пайдалы болу. Сондықтан Сәкен бар тіршілігін, жан – тәнін, ерік – санасын еліміздің жарқын болашағы жолына жұмсады.

Сәкен тап мүдделерінің түйіскен шағында атқа мініп, бар өмірін күреске арнады. Туған халқын түзу жолдан бұрып әкетуге тырысқан ұлтшылдықпен аянбай жұлқысты. Ұлы орыс халқымен қол ұстаса отырып, жаңа қоғам орнатуға бет алған жас қазақ республикасының басшы қызметін атқарды.

Екі қоғамдық құрылыстың бетпе – бет келген кезіндегі аяусыз күрестер Сәкеннен революцияға тән тенденциялылықты талап етті. Ақынның бүкіл творчестволық мұрасына тән жауға мейірімсіздік, ымыраға келмейтін қарыспалық, пролетариат күресі жолына жан – тәнімен берілушілік қасиеттері осы заман тенденциясынан туған еді. Оның шығармаларын оқысаң, Сәкеннің іштей ылғи біреумен айтысып, сөз жарыстырып отырғанын  көресің. Табиғатты жырласа  да, еңбекке деген жаңаша көзқарас пен техника жаңалықтарын тамашаласа да, советтік құрылыстың табыстарын мадақтаса да, ол өзіне қарсы жақтың позициясын сынап шенеп, өз тенденциясын аша түседі. Осының  бәрі көркемдік творчестводағы ұлтшылдықпен жарыс, талас еді. Ұлтшыл ақындардың туған даласын өлікке теңеген, қарсы жақтың позициясын сынап шенеп, өз тенденциясын аша түседі. Осының бәрі көркемдік творчестводағы ұлтшылдықпен жарыс, талас еді. Ұлтшыл ақындардың туған даласын өлікке теңеген, қара жамылған күңгірт бейнеде көрсеткен өлеңдеріне қарама – қарсы Сәкен жаңарған  даланың жарқын көріністерін бейнеледі. Паровоз бен автомобиль даусының қыр қазағын  ұйқыдан оятқанын суреттеді.

Революция мүддесіне қалтқысыз берілуден туған творчестволық принциптер, әдеби шығарманың әсерлілігі мен үгітшілігі үшін күрес, дұшпанды аямай әшкерелеу, жаңалықты бар дауысымен жыр етіп мадақтау ұраны, заман талаптарының дәрежесінде болудан туған барлық мақсат –мұраттар Сәкенді ұлы орыс ақыны Владимир Маяковский жолына алып келді. Осы жайлар революцияның екі көрнекті ақынын табыстырды, туыстырды.

Советтік заманның жаңаша бейнесін жасау сияқты қазақ поэзиясы үшін тың проблеманы көтеру және оны тапқырлықпен шешу міндетін де Сәкен осы талмай іздену нәтижесінде атқарды. Қазақстанның асау тұлпарының шабысы өлшем бола алмай қалған қоғам дамуының жедел қарқынына лайық образ экспресс екенін ұқты ол. Ырғалып, баяу қозғалған қазақ көшінің жүрісіне өлшеусіз қарқын қосқан жаңа заманның екпінді лебі ақын қиялын ұштады. «Советстан» поэмасы Сәкеннің осы ізденуінің сәтті бастамасы болса, «Альбатрос» шыңы еді. Мұнда революциялық күрестерден қажымай, талмай өткен совет халқы, оның бастаушысы – Коммунистік партия мен ұлы Ленин үлкен теңіздерде желге қарсы қарыса ұшқан дауылпаз құс – Альбатрос бейнесінде суреттеледі.

Сәкен өлеңдерінің лирикалық кейіпкерін тудырған да осы заман, аталған жайлар. Бұл кейіпкерлердің аты – күрескер ақын. Қай өлеңді оқысақ та, қай әнді тыңдасақ та халық қамында тынбай күресіп жүрген қажырлы тұлғаны көреміз. Оның бойы толған күш. Қайраты тасқын судай, айбаты күркіреген бұлтты аспандай, екпіні асау тұлпардай, серпіні тас түлек сұңқардай, қиялы шексіз, талабы үлкен. Ол:

Қиырсыздың қиырына жетейік,

Өлшеуі жоқ көк мұхиттан өтейік.

Аспандағы алыс қызыл жұлдызды

Жерге әкеліп, жердің көркі етейік!

Шешілмеген ескі жұмбақ шешейік,

Жерді, аспанды тынбай жүзіп кешейік.

Сансыз қиын бөгеттерді жолдағы

Қиратайық, уатайық, кесейік.

Асуы жоқ асулардан асайық,

Ашылмаған тас қақпаны ашайық,

Болмағанды болдырайық дүниеге,

Жаңа тұрмыс қара жерге жасайық! – деп жар салады.

Сәкеннің лирикалық кейіпкері – жалаң күрестің ғана адамы емес, сонымен бірге адамгершілік сипаты, сыр – сезімі мол, ұлы жүрегі бар, адамзатты, өмірді беріле сүйген ақын. Оның үнемі алабұртып алып ұша бермей, бәсеңсіп сыр айтар шағы да болады. «Қолыңда жемің барда топырлап» маңыңды босатпайтын, «жем таусылса, жалт беретін» тауықтарға наразы болып, сыр сандығын ақтарар дос аңсайтыны тағы бар.

Сәкен бойындағы сезім сұлулығы ақынның өзі шексіз сүйген өмірдің әсемділігінен, байтақ қазақ даласының сыры мен шындығынан туған еді. Ол осы әсемдікті бұзушыларды жек көрді. Аққу мен бала киікке атылған оқ, ақын ұғымында сұлулыққа атылғандай еді. Мұның бәрі Сәкеннің гуманистік ой – пікірлерін, өмір танымын аша түседі.

Сәкен – эстетикалық талғамы күшті ақын. «Аққудың айрылысуы», «Сыр сандық» және басқа өлеңдері осыны байқатады. Ол ән – күйді сұлу табиғатты мейлінше сүйген, шабыттана жырлаған. «Көкшетау» поэмасы – осының айғағы. Көкшенің көркем табиғатын, алуан түсті таулары мен айнадай жарқыраған күміс көлдерін, қарағайлы ну орманын, көлдегі құстарына мейін әсем түсініп, әсем жырлаған. Сәкен шығармасы халық жаттап алған, өлмес мұраларының бірі.

Сәкеннің орыс әдебиетімен, Маяковский дәстүрімен байланысты ұлттық поэзияның шеңберін кеңітуге, өрісін молайтуға, сөйтіп жаңа заман талаптарына жауап бере аларлық  жаңашыл поэзия жасауға негіз болды.

Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен творчествосы – тек қазақтың ұлттық мәдениетінің ғана емес, бүкіл советтік көп ұлтты мәдениеттің мақтанышы, лениндік ұлт саясатының жемісі. Сәкеннің ақындық, революцияшылдық жолын кезінде біздің туысқан халықтар әдебиетшілерінің көбі – ақ үлгі тұтты. Жазба әдебиеті революцияшылдық жолын кезінде біздің туысқан халықтар әдебиетшілерінің көбі – ақ үлгі тұтты. Жазба әдебиеті революциядан кейін туып, тек Октябрь әсерімен қолына қалам ұстаған қырғыздың алғашқы әдебиетші жастарына тигізген Сәкен әсерін қырғыз әдебиетінің бүгінгі ақсақалы Алы Тоқамбаев аса бір ілтипатпен  еске алады. Ол өзін Сәкеннің шәкірті санайды. Қырғызстандағы ұлтшылдық ағымға қарсы күрес үстінде ол Сәкен жолын, оның үлгісін, күрес тәжірибесін пайдаланғанын мақтан етеді. Туысқан қарақалпақ әдебиетшілерінің Сәкенге деген сезімін Ж.Аймырзаев та жылы әңгімелейді. Сәкен өзбектің революционер ақыны Хамза Хақим  – Заде Ниязимен, татар әдебиетінің  классигі Ғалымжан Ибрагимовпен достық қатынаста болған. Бұларды да табыстырған әрқайсының өз халқы алдында атқарған ұлы қызметі еді.

«Ең бір шешуші кезеңдерде халық мүддесінен шыққан, сол жолдағы қиыншылықтан қорықпаған адам – шын батыр» деген Юлиус Футчик. Сәкеннің туған халқымен ара қатынасын белгілеген де осы сипаттары.

s1 s2 s3 s4 s5 s6 s7 s8 s9 s10 s11 s12 s13 s14 s15 s16

Елі оны еңіреген ер деп ұқты. Ол қазақ халқының ұлттық қаһарманының біріне айналды. Сәкен туралы ел арасында қаншама аңыз, жыр, өлең, әңгімелер туды. Бүгінгі жазушыларымыздың көбі – ақ Сәкен есімін қызыға атап, оның жарқын бейнесін жасауға талаптануда. Сәбит Мұқанов пен С.Талжановтың әзірге жарық көрген еңбектері – Сәкен туралы әдебиеттің алғашқы қарлығаштары. Жеке адамға табынушылық кезінің әрекеттері де Сәкенді халық қиялынан, ойынан өшіре алған жоқ. Қайта қиыншылық «Сәкен», «халық», «ақын», «ер» деген ұғымдарды біріктіре түсті. Бұлар – тұтас ұғым бөлінбес сөздер. Сәкен туған халқының ер ақыны, далада туған революция дауылпазы.

Серік Қирабаев, академик