Күшікбай батыр

25.01.2016

Күшікбай батыр. Руы Тоқа Бесім. Мырзамбетұлы Күшікбай батыр Жасыбай батырдың немересі. Бұл кісі шамамен 1787 жылдар шамасында туып, 1853 жылдардың мұғдарында дүние салған. Мырзамбеттен туған 8 ұлдың үлкені. Мырзамбеттің ағасы Қалманбетте бала болмаған. Содан інісінің алғашқы туған ұлдары Күшікбай мен Ескенені бала ғып алған. Екі болыс Енең Тоқасы атанатын рудың аруақ шақырар ұраны Күшікбай болған. Күшікбай батыр тек қара күштің ғана иесі емес, ел қамын ойлаған ойлы адам болған. Оған дәлел Қаратау, Түркістан жаққа барып Айнақожаны ертіп әкелуі. Айнақожа Арқаға Зейне деген үлкен баласы мен Мойнақ деген інісін қоса ерте келеді. Оларды Енең Тоқасы өздерінің дін үйретушісі, пір тұтқан қожалары ретінде қабылдайды. Айнақожа келесі жылы інісі Күзгіден туған Ермекті Тоқаның Дәулетбикеден тараған ұрпақтарының арасына жіберген.

Алтай – Қарпық руында мұсылман дінінің берік қалыптасып, елдің рухани тазалығы қалыптасуына қожалардың себі тисе, оны Арқаға әкелген Күшікбай батырдың алатын орыны айрықша.

Күшікбайдан бірінші әйелінен Айдарбек, Өтебай, Сәмек, Темірбек, Шыңыбек, тоқалынан Сеңгір, Орақ, Бұлғақ туған. Бұлардың барлығы да рулы ел.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Жұмаділдин Асан.Жаңаарқа.Дерекнама.-Алматы:Кенже-Пресс-Медиа,2003.-193 бет.