Смайыл Алдан

25.01.2016

Aldan_SmaiylСМАЙЫЛ Алдан 1946 жылы Жаңаарқа ауданы «Атасу» колхозына қарасты Айшырақта туған. Туған әкесі Рүстемов Зейнолла сол учаскеде мектеп меңгерушісі еді. Алдан орта мектепті бітіргеннен кейін екі жыл колхоздың таудағы қой фермасында қой бақты. 1965 жылы ҚазМУ-дің филология факультетіне түсіп, оны 1970 жылы бітіреді. Сол жылы Республикалық теледидар және радиохабары Комитетінің радио тілшісі болып істейді.

Ол 1975 жылдан Целиноград (Ақмола) облыстық «Коммунизм нұры» газетінде әуелі әдеби қызметкер, одан бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасарына дейін көтерілді. Ақмола облысында қазақ тілі қоғамын басқарды, осы бағытта жаңа газет ашып оның редакторы болды. Ысылған жазушы-журналшы Алдан «Қазақстан-1» республикалық телеарнасына жауапты қызметке орналасады.

А.Смайыловтың шығармашылық қызметі студенттік жылдарда басталады. Оның алғашқы әңгімелері Алматы облыстық «Жетісу» және республикалық жастар газеті «Лениншіл жас» (Жас Алаш), «Жұлдыз», «Жалын» т.б. газет журналдарда жиі жарияланған.

Алданның үлкен әкесі Қамболатұлы Шорағұл ақын болған. Туған нағашысы Диханов Айткен әңгіме-очерктерін ел сүйсіне оқитын журналист болған. Тегіне тартқан Алдан шығармалары да тұшымды.

А.Смайыловтың «Жалын» баспасынан «Август таңы» (1979), «Ақжалын» (1982) повестері жеке кітап болып шыққан.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1Қарағанды. Қарағанды облысы:Энциклопедия. – Алматы:Атамұра,2006. – 477  бет.

2.Жұмаділдин.А.Жаңаарқа.Дерекнама.-Алматы:Кенже-Пресс-Медиа,2003.-137 бет.