Смақов Жақан

25.01.2016

Zhakhan_SmakhovСМАҚОВ Жақан (1932-1974). Жаңаарқа ауданы Ынталы колхозында туған. қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын 1955 жылы Талдықорған облыстық газетінде бастайды. Одан кейін «Қазақстан пионері», «Коммунизм таңы» назеттерінде істейді. 1958 жылы Алматы теледидары ашылысымен сонда қызметке ауысады. Теледидар хабарларының жаңа түрлерін ойлап табады. «Ерденнің ертегісі», «Кешкі ертегі», «Спать пора малышам», «Алдардың айласы», «Жан-жануарлар дүниесі», «Бұл сенің әнің», «Ал сурет салайық» сияқты тұрақты көрсетулер ұйымдастырады. «Тамшы», «Бұршақ туралы ертегі», «Кім күшті, кім мықты», «Аю қалай адасты» сияқты шығармаларын әуелі теледидарға арнап, кейіннен кітаптарына енгізеді. Оның  «Құсбегі» телефильмі бүкіл одақтық экранға шығады.

 Өткен ғасырдың 50-60 жылдары «Сыйлық», «Қаз-қаз бас», «Жастық сыры», «Ақтауық», «Бақ-бақ», «Сылдырмақ», «Жүз бір жұмбақ», «Қарақат», «Тамшы» деген өлең жинақтары басылады. Бұлардан басқа «Біздің апай Түсекең», «Менің бөпем», «Ғажайып бұлттар», «Саяхат» деген суретті кітаптарын шығарады. Жақанның туып өскен, балалар ақыны екндігін танытқан «Жаңғырық» атты таңдамалы өлеңдер жинағы болды. Ал «Талапай» атты кітабы қазақ балалар әдебиетінің тамаша жаңалығы ретінде қабылданды. Бұлардан басқа «Сәбилерге сәлемдеме» (1959), «Біздің тақпақ, жұмбақтар» (1961), «Күлдірген» (1962), «Погремушка» (1964), «Мың махаббат» және «Намыс» (1964) кітаптары жарық көрді.

Сонымен қатар Ж.Смақов бірнеше ән текстерінің авторы. «Белқараған» әні қазақ радиосынан жиі беріліп тұрады.

Жақанның туып өскен, балалық, жігіттік шағы өткен Қарағаш өңірі айтулы адамдар, өнер қайраткерлері көп шыққан өңір. Ол жастайынан Телғозының Шоңы, Төлебай салдың, Маймақ, Жолдыкей ақынның өлең-жырларын, әңгімелерін тыңдап, жаттап өсті. 1942-1945 жылдар аралығында Ынталы орталау мектебінде мұғалім болған Серік Қирабаев, Асан Жұмаділдиннен сабақ алды.

Аяулы ақын 1974 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. өзі оқыған «Ынталы» орта мектебіне Жақан Смақовтың аты берілген.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.І.Ісләмұлы.Атыңнан айналдым,Жаңаарқам/Қарағанды:Болашақ-Баспа,1999 – 81 бет.

2.Мағзұмұлы Ж.Жаңаарқа әншілері. –  Астана:Фолиант,2012. – 195-бет.

3.Қарағанды.Қарағанды облысы:Энциклопедия. – Алматы:Атамұра,2006. – 477 бет.

4.Жұмаділдин.А.Жаңаарқа.Дерекнама.-Алматы:Кенже-Пресс-Медиа,2003.-137 бет.