Сәкеннің жан жолдасы

25.01.2016

 

         «Жамбыл» журналының 1987 жылғы 1 санында және «Ескірмейді естелік» атты кітабымды (1994) шыққан «Сәкеннің серігі» енді толықтырудың сәті түсіп отырса да, қысқаша қайырмақпын. Өйткені 1985 жылғы кездесуден кейін Қаскей ағайдан үзбей хат келіп, талай қызықты деректерді, тарихи шындықтарды айтқанын, оның үстіне 2001 жылдың тамызында ол кісінің ұқыпты баласы Хайроштан бүкіл құжатын алып, танысқаннан кейін «Өтекин» деген эссе жазсам ба деген ойдамын.

         Қаскей Өтекиннің Сәкенге деген махаббатына ешбір қылау түспегенін, шын достық дегеннің қандай керемет екендігін көрсетіп, кейінгілерге үлгі еткім келіп отыр.

         Менің қолымда Қасекеңнің 40-тай хаты бар, солардың бірде – бірінде Сәкен аты аталмай қалмайды. Алғаш 1985 жылы танысқан кезімде «бұрынғы қыз – келіншектердің қазір бала – шағасы өсіп, ел ісіне араласып жүр, беттеріне шіркеу түсіруге болмайды» деп маңына жолатпай қойған – ды. Хат арқылы сұрастырғанда 1986 жылы 17 ақпанындағы жауап хатында «похождение» хақында менің айтарым мынау: Сәкен өз заманында өзгеше туған тұлға ғой. Ал мінез – құлық жағынан жайдары, адамды бауырына тартып алатын жұғымды кісі. Алғаш көрген адамдарға тәкәппар сияқты болатын. Ал шын мәнінде – кішіпейіл жан ғой.

         Қандай сыр ашудың  қажеттігін түсіне алмадым, өйткені бұл жөніндегі жағдайлардың көбі өзіңе мәлім. Мысалы, Рахима, Көкеш, Гүлбаһрам, Ғалия, Галина Серебряковаларды алсақ, Серебряковаға ілтипаты өзгеше еді. Оның үйінде болып жүрген. Күйеуімен де танысқан (Министр финансов РСФСР).  Алыс – беріс сыйлықтар болған араларында. Оның «Юность Маркса» кітабын қазақ тіліне аудартып апарған.

         Ал жалпы алғанда Сәкенге ғашық болмайтын әйелдер кемде – кем шығар. Орынборда тұрғанда Алма Оразбаева – қазақ әйелдерінен шыққан активистка – маған қарамадың деп өкпелеп жүрді, ақыры Каширинге (ОГПУ) тиіп тынған. Қызылордада тұрғанда Сара Есованың да көңілі болды (Ораз Исаевқа шықты ғой). Көңіліне ұнамаса қарамайтын. Мұхтар оншама таңдап тұрмайтын, дүрдік ерін Зоя Сергеевнамен жүретін. Ғабиттің жасырын жүрісі болған. Сәбит жөнінде де анекдоттар бар, айтуға болмайды. Кейін сөйлесіп күлісерміз. Хабарласып тұрамыз ғой» дегеніне түсіндірме беріп жату артық.

         Бұл әңгіменің шет пұшпағы келесі хатынан да аңғарылады. «Сенің кітабыңнан көп жаңалық білдім. Галина Серебрякованың өмірбаянын толық білмейтінмін. Құдайым қара басын үйіп – төгіп жарылқаған екен ғой. Үлкен ғалым, өнер қайраткері, жазушы, дәрігер, музыка жағынан да сауаттылығы бар – ау деймін, өйткені Бибігүлге әнші болуға Галинаның шапағаты тиген деп естігенім бар еді (Семейде өнерпаздар үйірмесіне қатысып жүргенде ән айту машығын үйреніп, дауысын жөнге қойған. Т.К.)» деген жолдарды келесі хатында «Галина Серебряковамен араларында адамгершілік, жазушылық таланттарының үйлесуімен қатар махаббат тылсымы күшті еді ғой. Не керек мұратына жете алмай арманда кетті ғой. Қарттың миы шаршаса тілі ұзарады деген, осымен тоқтатамын» дегені болсын немесе «Галина Серебрякова жөнінде басылған газетті жібергеніңе рахмет. Мұндағы жаңалық – халық жауының семьясы ретінде емес, Сәкеннің соңғы сөзінде Галинаны ақтаған сөзінен кейінгі жолдарды тынысым тарылып оқи алмадым… Не деген қиянат! Қаныпезерлік!.. Римдегі Каисер (Гай Юлий Цезарь) заманында Нерон деген патша бақшаға серуенге шыққан бір топ халықты әскермен айдап қамайды да, өрт жібереді. Өзі биік жерге шығып, қарқ – қарқ күледі екен деген аңызды естуші едік. Ал мынау совет заманындағы оқиға ғой… Масқара!» дегендері алыстағы ауылда жатқандардың түсінігінен тіптен де бөлек.

         Кешегі мен бүгінгіні білдіртпей жалғайтын осындай зиялы ақсақалдарымыз көп болса ғой шіркін деп те ойлайсың. Мұндай пікірді «жігітшілік шағымда қазақтың Сәкен Сәбиттей ардагерлерімен дос – жарлық қатынаста болып, енді қартайған шағында олардың қаулап өсіп келе жатқан ізбасарларымен достық қатынасым жалғаса берсе екен деген ниеттемін» деген мағыналы cөздері еріксіз айтқызып, жазғызып отыр. Жалғыз бұл емес, әр хатында осындай ойларды үйіп төгіп  тастайды. Газет –журналдарды тегіс оқып, өз пікірін білдіріп отыратын сәттері өте көп.

         «Жалын» журналын алатынмын. Сонда Ш.Мұртазаевтың Тұрар Рысқұлов туралы әңгімесі бар. Жиналысқа кешігіреңкіреп келген Тұрарға Сталин «Шыңғысхан төрлет» депті – мыс.

         Бізге белгілісі – Сталин Тұрарға емес, Сұлтанбек Ходжановқа айтқан. Ол былай: Сұлтанбек Ташкенттегі қызметтен босаған соң Мәскеуге келеді. Сонда Сталинге кездескенде «Шыңғыс хан қайдан жүрсің?» депті. Сұлтанбек: «Қандай мен Шыңғыс хан. Ол көп мемлекетті билеген, маған жалғыз Қазақстанды басқартпай отырсың» деген.

         Бұл әңгімені жалпы есіңде болсын деп жазғаным ғой. Үлкен адамдардың арасында болған соң естігендерімді айтып жатырмын.

         «Тұрардың өзін жақсы білемін. Оның зампред Совмин РСФСР болып тұрған шағында 34 жыл Жазушылар съезіне барған Сәкенмен бірге Тұрардың үйінде болғанмын Тамаша адам еді» деген тарихи деректерді көшелі ойлармен маздатып, өзінің зиялылығын танытып отырады. Солтүстік Оралда 10 жыл лагерьде болып қайтса да не есінен жаңылысқан, не деректі шатастырған сәтін байқамадым.

         1985 жылғы кездесудің әсерімен «Сәкеннің серігі» деген эссе жазып ем. Ол 1987 жылы «Жұлдыз» журналының санында шыққанын көріп «мәре – сәре болып қалдым. Жақсы шыққан. Бұл еңбек – сенің адал харекетің, Сәкен мен Сәбиттің шапағаты» дей салғаны әлі эссені оқи қоймағанын аңғартса қомақты екен.

         Меніңше барлығы дұрыс. «Геройыңды» (өзін айтып отыр. Т.К.) аса мақтап жібермесең кемшілік жоқ. Жағдайды суреттей келіп, геройыңды мадақтаған кезеңдері толық дәлелді етіп шегелеген екенсің. Яғни, шындық, ақиқат көрсетілген. Шығарманың құндылығы да сонда ғой» деп төрт ескертпе жасады. Біріншісі – Жақанның өлеңі өзіне емес, Атбасарда жүргенде үйленген әйелі Сақанға арналғанын айтса, екіншісі – Қайсар Тәштитовтің емес Қали Тәтімовтің үйі деп түзету керектігін, үшіншісі – қалжыңға түсіндірме берген. Төртінші ескертпесінде бүкілодақтық сенсацияға айналатын мәселенің шетін сездіріпті.

         «Өзіңмен ақылдасатын бір жағдай бар. Осы уақытқа дейін мен ешқайда, еш жерде бұрын партия қатарында аз уақыт болғанымды айтқан жоқ едім. Өткен өмірімде жасаған қателігім осы. Қателік жасамаған күнде 1920 жылдың 18 октябрінен партия қатарында болушы едім ғой… Бұл жөнінде өзіңмен кездескенде талқылармыз. Маған қайтсе қолайлы болады?» деген жан сырын айтқан еді. Мен бұл жолдарды оқығанда «ақсақалға ептеп шалық кіре бастаған ба, қалай!» деп онша мән бере қоймадым. Онан да Сәкен, Сәбит, Жақан туралы естеліктеріңізді қағазға түсіріңіз деп қоймағаннан кейін қызық та мәнді хат алдым.

         «Сәкен туралы естелік жөнінде әрбір хатыңда ескертесің. Менің түсіне алмай тұрған жерім бар. Сәкен ақталғаннан  кейін Есмағамбеттен бастап. Сәкен туралы естеліктер айтып бердім. Одан кейінгі жылдарда «Көкшетау правдасында» естелігім жарияланды. Өзіңмен кездескеннен бері «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиетінде» басылды. Теледидар арқылы екеуіміз сұхбаттастық. Көрген – білгенімді айтып болдым ғой, енді қандай естелік болмақ? Енді жаңадан «Сәкенмен болған сәттер» деп естелік жаза бастасам бұрын айтылып кеткен фактілер қосылса, екінші рет қайталанған болмай ма? Бұл документ қайда басылмақшы: өзіңе материал үшін бе, болмаса менің атымнан ба? Толық етіп түсіндіріп жазарсың, сол көрсеткен жобаңмен әрекет жасауға тырысармын»  дегеннен екі жайды аңғарамыз. Бірі – қайталау орынды емес, бір айтқанын малта қыла береді екен деген қаңқу сөзден қашу болса, екінші – этиканы сақтайтын моральдық тазалықтың шеті көрінеді. Бір айтқанын талай сөйлетіп, бір жазғанын талай басылымға беріп, олардың шығуын қадағалап жүрген қаламгерсымақтардың талайын көріп – білгендерін сездіріп отыр.

         Хаты келген сайын бұрын естімеген жаңалыққа кезігіп отырдым. Естелік айтамын дегенде емес мәселенің ыңғайына қарай өзінен өзі әңгімеленіп қалатын кезін білу қиын. Әсіресе, мына ойлар неден кем?

         «Сәкен жазушылардың бәрін білгенмен жүрек қалауымен араласқандары: Феоктист Березовский, Маяковский, Галина Серебрякова, Омбының Сорокині сияқтылар. Басқалары есімде қалмапты. Аталған жазушылармен қатынастары болды. Березовскиймен араласы ертеде, партияның астыртын жұмысынан басталған. Маяковский Мәскеуде бірінші кездесетін адамы. Оны өте жақсы көретін, жазу стиліне еліктегісі келетін. Ол дүние салғанда қатты ренжіп жүрді  «жас кетті – ау» деген өкініші де бар еді» дегендерінің қаншалықты құнды екеніне Қасекең онша мән бере бермейтін.

         Не болмаса «Сәкен Мәскеуден оралғанда көрген – білгенін айтып отыратын. Лениннің қабылдауында болған жоқ, бірақ Ленинді әлденеше рет көріп, баяндамаларын тыңдаған. Қай жылы, айы есімде жоқ – 1920, 21, 22, 23 жылдарда Мәскеуде өткен советтер съезінде, партия съезінде, конференция, совещаниелердің мәжілістерінде делегат, өкіл ретінде қатынасып, көсемді көрдім дейтін. Ұмытпасам, Қазақстанға автономиялық республика беру, ұлт кадры, шаруашылық, РСФСР мен Қазақстан шекарасын белгілеу мәселелеріне қатынастым дейтін. Ленин жиналысқа келгенде бар халықорнынан тұрып қол шапалақтауды қоймаған соң Калинин қоңырау салдырлата беретін. Сонда да  қоймаған соң өзі қолын көтеріп, сөзін бастайтын. Халық бар ынтасымен тыңдап отыратын.

         1922 жылы Сталиннің қабылдауында болдым. – Наркомнац (ұлттар ісін басқаратын халық комиссары Т.К.) қызметінде болатын. Жаңа құрылған республиканың жағдайын айтып, ел басқару ісінде тәжірибе кем, басқару басындағы қызметкерлер арасында пәтуасыз алауыздық бар – сол жөнінде сұрағанымда айтқаны: «Национальную политику Ленин знает и я знаю. Больше никто не знает. Поможем» деді де, бізді Енукидзеге (комендант Кремля) жатар орын, тамақ жөнінде тапсырды». Дегендері анау – мынау естелік кітаптарынан табыла бермейтін мәліметтер ғой.

         Қаскей ағайдың Сәкенге деген махаббаты еш суымай кеткенін бір фактімен нығыздайын. 90 – жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары, атақты жазушы Оралхан Бөкеевтің ыждаһатымен Қарағандыда тұратын, Магадан жағында көп жыл түрмеде болып келген Мудров деген ақсақалдың «Сәкенді өзім жерледім, моласын табар едім» деген хикаясын біраз ермек қылғанбыз. Ел – жұрты Сәкеннің мүдесін іздейміз, экспедиция жасақтаймыз деп жар салғанда Әлжаппар Әбішев ағамыз тектен – тек шығынға батпаңдар, бармаңдар десе, мен елімізді таныту үшін барып- қайтқанның артықтығы жоқ деп әрі – сәрі сөйлеп, жазған болатынмын.
Өйткені Сәкеннің Алматыда атылғаны жөнінде қолымда құжат бар еді. Ал оның өтірік-шыны әр жерде әрқилы қылаң беріп жатқан болатын. Ардагерін қимаса халық аңызды шығарып – ақ тастайды екен. Әсіресе Сәкеннің соңғы сәті жайында аңыз – әпсана, өлең – жыр бірқыдыру. Мудровтың хабары шыққаннан бастап Қаскей ағайдан тыныштық кете бастады.

         1991 жылы 4 сәуірде жазған хатында «Сәкен Магаданда қайтыс болды деген хабар расқа шығайын деп тұр ғой. Мудров дегенді неге алып бармайды? Іздеушілер бар ма? Ондай күн туып, мүрдесін алып келіп жерлесе, ағажаным қайта тірілгендей болар еді. Қайбір топырағын құшақтап көз жұмсам армансыз болып өтер едім бұл дүниеден!!!…» деген жан сөзі кімді болса да тебірентпей қоймас. Достық дегеннің құдіреті осы болса керек. Хатты алып оқығанда қатты толқып, көзіме жас іркілгенін жасырмай – ақ қояйын.

         Жауап хат жаздым. 2001 жылы тамызда Омбыға бара жатқанда Хайроштан ақсақалдың мұрағатын алғанда өзімнің 1991 жылы 4 мамырдағы хатымда Мудров жайындағы мәселеге қалай қарайтынымды жазыппын. Сәл қиғаштау болса да толық келтірейін.

         «Сонсын, Мудровты айтасыз. Неге бармайсыңдар дегендей қыласыз. Ал Жезқазғанның «Сәкен Сейфуллин» совхозының жігіттері барамыз деп білек сыбанып отыр. Оларды жаз ортасына – июльге тоқтатқан менмін. «Қазақ әдебиетінің» екпіні басылыңқырап тұр. КГБ айтқанынан қайтпай, осы «Алматыда көзін құртқанбыз» дегеннен танбай отыр. Сонымен далмыз. Тегі, бір жел беріп жіберсем бе деп те ойлаймын. Жұмыс көп.

Ал Сізден сұрақ: 1938 жылы Сәкендерді басқа жаққа аударыпты дегенді естіген жоқсыз ба? Қатар» дем алдыңыздар» ғой. Жалпы Сәкенмен екеуміздің араңыздағы сол кездегі қатынасты және басқалардың Сәкенге жасаған иттігін маған ашық жазып жіберіңізші. КГБ – ның мұрағатына да бармақ ойда жүрмін, өйткені «Сәкен Сейфуллинді» қайтадан қарастырып, 100 жылдығына шығарсам деймін».

28 мамырда жазған жауабында «бірінші мәселе Мудров». Бұл жөнінде сенің айтқандарын ұнамады: ұзақ сонар әңгіме, пәтуасы жоқ. Мудров тура біле ме, қартайған адам емес пе? Тәуекелге басып, Мудровты алып бару керек қой «Сәкенді танимын, жатқан жерін білемін,аяғында байланған бирка бар» дейді. Магадан жері 1-2 метрге шейін тоңы жібімейтін жер емес пе? Қабірдің бетін ашқанда неше жыл жатса да мәйіт тоңазытқан қалпынан бұзылмау керек. Барам деушілерге ұлықсат беру керек. Расход – самолеттін беру – келуі ғой…» деп біздің өзімізге желік қосуға талаптанды. Осының бәрі топырағын құшақтауға дайын пиғылды немесе «Ақмоладағы Сәкен мұражайын көргім келеді. Мәңгілік ордасы ғой, тіршіліктің қандай мәні болмақ, көрмей өтсем» дегендері үлкен жүректің айтқызған әмірі ғой. Қасекеңнің бір мысқал өтірік айтпайтынына басқалар сенбесе де өзім сенем. Осындай ұлы достықтан қазіргі жастар ғибрат алса ғой шіркін дейсің іштей.

Қаскей ағайдың қызықты да мағыналы өмірі жайында Сәкенге жанастырып та, оңаша да әңгімелеген сәтім бірқыдыру. Және соның бәрін өзі газет –журналдардан сырттай бақылап отырады, кейде өзім жіберіп қоямын. Сонда ризашылық көңілін жайып салатын кездері көп.

«Сәкен мен менің достығымыз жайында жазған мақалаңды оқып шықтым. Құрғақ мадақ емес, толық дәлелдер келтіріп бекіткен екенсің – шоқтығым көтеріліп қалды. Шындықты жариялауың да сенің парасаттылығың Сәкеннің шарапаты, сенің адал жүрегің арқасында өмір жолым, бет – сипатым баспаға шығып, шартарапқа мағлұм болғанға шүкіршілік етем» деуден бір жаңылмады. «Сәкеннен айырылған соң, оның шарапатымен, өзіңе кездесіп едім. Көргеннен – ақ Сәкеннің ізбасары ретінде жүректен орын алдың. Қалған өмірде қатынасты үзбекші емес едім.  Енді міне сирексіп барады. Бас себеп – даусыз қарттық» деген қуанышы мен күйінішін алыста болсақ да сезіп жататынбыз.

Жазысқан хаттардың сарабына түссек, бірқыдыру шығандап кетерміз. Енді бір мәселе төңірегінде шырайналсақ, біраз қызыққа кезігерміз.

Адамның арманы таусылып, қиялы қырқылса, тірліктің мәні кетеді. Осындай хат алмасып жатқан кездерімізде Қаскей ақсақалдың туғанына 90 жыл болар шақ жақынап қалды. Өзі 87, 88-ге келіп қалдым деп анда – санда атап қоятыны болса да, 89 деген цифрді ешбір хатында ауызға алмай қойды. Ақсақалдың мүшелтойын қалай өткізуді ойластырып жүретінмін.

1934 жылдың жаз айларының бірінде Серік Қирабаевтың көңілін сұрау үшін ауруханаға барғанымда балдызы, Көкшетау облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Әбдеш Қалмырзаевқа кездесіп қалдым. Төтесінен тарттым – Сәкеннің жан жолдасы Қаскей Өтекин ақсақалға жыл басында 90 жыл болады. Сол кісіге облыстық атқару комитетінің мақтау қағазын беріп, көңілін көншіктірсеңдер қайтеді? – деп ем.

-Сәкеннің жолдасы болғаны үшін ғана марапаттаймыз бар?!. Ондайлар толып жатыр ғой, – деп ыңғай бермеді. Серік өз балдызының мінезін білетіндіктен шығар деймін, әңгімеге араласпады. Алғашқы барлау қадамым тасқа кезіккен соң, қатты ойландым. Құдай – ау, майданға қатардағы солдат болып қатысқан, бүгінде аман – сау  жүрген ағаларымыз  оқушылармен кездесіп, «фашистерді қалай қырғанын» айтып жатады. 1923 жылдан 1937 жылға дейін сырласып, 10 жыл Оралдың Тавда лагерінде Сәкен үшін азап шеккен адамның ең болмаса жылы сөзге зарығатындай несі деп қатты күйзелдім. Осыны басқарушы аппаратта отырғандар сезбей ме, білмей ме деп өзімнен өзім бүліндім.

Ашу үстінде ҚҚП Көкшетау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Қасым Тәукеновке хат жазып жібердім. Ксерокөшірме жасатып облыстық комитеттің бюро мүшелеріне таратып беріп, «не істейміз?» деген өзінің үлкен сұрағын қойыпты. Бастық көңілі – 90 жылдықты атау жағында екенін сезген бюро мүшелері «аудандық көлемде өткізілсін» деген шешімге келіпті. Оны хатшының көмекшісі маған хабарлады.

Мен Қасым Тәукеновтің азаматтығына, әсіресе өнерпаздығына ғашық адаммын. Онымен ет жақындығым жоқ, бұл хатыма дейін бір – ақ рет кездессек те көңілде өшпестей із қалдырған еді. Енді содан азды көпті хабар берейін.

1934 жылы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 90 жыл толуына байланысты әуелі кіндік қаны тамған Жезқазғанның Жаңаарқасында, онан кейін азамат болып қалыптасқан саяси отаны – Ақмолада ұлан – асыр тойлар өткіздік. Бұған дейін де Сәкеннің аяғы жаткен, әсіресе Колчак түрмесінен қашқан ізімен танысып, сол өлкенің кешегісі мен бүгінгісін салыстыра суреттесе – ау деген ой билеп  жүрген тұс болатын. Мұзафар Әлімбаев, Нұрғожа Оразов үшеуіміз Сәкеннің 1916 жылы мал санағына қатысқан маршрутын көре жүруді ойластырдық. Әуелі Ерейментау маңын аралап, баяғы Олжабай, Ералы жұрты мен Паң Нұрмағамбеттің ауылына соғып, алыстан қол бұлғап шақырған моншақты тауының етегіндегі Ақкөлді баса отырып, Атбасарға өттік. Жолымызда Әупілдек деп аталған аймақ кездесті. Шөбі шүйгін болғанымен жарқырап жатқан айдыны болмаған соң оңша мән берген жоқ едік. Шабыры (шындығы – Шұбыра) жайлауы осы маң екен.

Әдейі жоспарланды ма, әлде бақытты кездейсоқтық па, Атбасарға кіре берердегі МАИ бекетінде басындағы кепкасы, үстіндегі молдау пішілген киімі бар орта бойлы, қырықтағы қырма сақал жігіт ағасы сабырмен амандасып, аман – есен  жеткенімізге игі тілек білдірді. Әдейі тосып тұрғанын сездірген жоқ. Тегінде, Нұрғожа уақыт шамасын телефон арқылы білдірген – ау деймін, «Қош келіпсіздермен» сөз аяқталған соң машиналарымызға жайғастық. Нұрғожа әлгінде бізді қарсы алған Қасым Аппасұлы Тәукеновпен бірге кетті. «Атбасар» мейманханасының тәуір жанбас – жайына жайғасқан соң күн еңкейе бірінші хатшының жатаған үйінен бір – ақ шықтық.

Бес бөлмелі пәтер. Жұмыс кабинеті болған бөлменің үш қабырғасы арнайы жасалған кітап шкафтары. Аузы – мұрнына дейін толған кітап, тіпті қосарланып, үйіліп жатқандары да бар. Әуелі таңқалдырған «ЖЗЛ»- «Тамаша адамдар ғұмыры» сериясының түгелге жақын жиналуы. Үлкен, кіші совет энциклопедияларына өзінің жарқыраған, алтындаған қабымен сән бітіріп тұрған гранат. Брокгуаз – Ерон энциклопедиялық сөздіктері қыз жасауындай көз тартады. Сабыр Біләлұлының партия совет қызметкерлеріне кітапхана жасақтау жөніндегі үлгісі мықтап жұққан адам екен деген күдікшіл ой қылаң бере бастағанда, «Осы Алексей Максимович Горькийдің тегі кім екен?» деген жайма шуақ сауалды қойып қалды.

-Кім болушы еді, кедейден шыққан жалаңаяқ қой, – деп үшеуіміз бірдей жамырап қоя бердік.

-Пашков сол кісінің шын атасы ғой. Ал мынау Брокгауыз – Ефрон сөздігінде  деп орнынан тұрады да, манадан бері көз тартып тұрған әсем сөздіктердің бір томын аса бір құрметпен және еппен алып парақтай бастады.  – Өз әкесі ағаш ұстасы болғанымен, оның әкесі жүдеген офицер, ал арғы атасы әулетті тұқым көрінеді, -дегенде томдағы сөздерді әрқайсымыз өз көзімізбен оқығанды жөн көріп, енді «Қасыммен байқап сөйлесу керек екен» деп аяғымызды тарта бастағанымызды жасырман. Өйткені тарихтан сөйлесіп, кешегіден желі тартсын, не бүгінгіні әңгімелесін бәріне де дәйекті  жауап тауып, өрелілігімен таңқалдыра бастады.

Әлгінде сырттан кіргенде төртбақтау кең дәліздің әр жерінде, әсіресе есік жақтауларында қаңылтырдан соғылған мүсін – суреттерге көзіміз түскен. Жұмыс кабинетінде де бірнешеуі тұр. Хас шебердің қолынан шықпағанымен көркемдік танымы бар жанның иіп жасай алмаған, құрал – сайманы толық жетіспеген зергердің талпынысын аңғарғандаймыз. Нұрғожа от тастады. – Қасекеңнің қолынан келмейтіні жоқ, – деп екінші бөлмеге бастап апарды. Бұл кәдімгі мұражай – шеберхана. Зерденің талайы ілініпті. «Әлі біте қоймағаны» деп кейбіреуінің бетін алақанымен жабады. Әдемілеп шабылған ердің қасы, жүген, өмілдірік, құйысқан, айыл, оның үстіне күміс төккен кісе, тіпті оқшантайдың өзіне кісі қызыққандай.

Бөлменің еденінде кеңінен жайылып қоңыр аюдың терісі жатыр. Терезеге жақын жерде бас сүйегі сақталған, оқты көзі бізді аңдыған арлан қасқыр. Ер – тұрман әбзелдері мен зерделердің арасында түлкі мен қасқырдың жармай ілінген тұлыптары. Сөздің қысқасы, үй иесінің өнерпаз да білімдар жан екеніне әбден көзім жетті де, осындай азаматтар арамызда көп болғанын тіледім.

-Әупілдек көлінде екі күн боласыздар. Емін – еркін Сәкен ағамыз аралаған. «Әупілдектей» керемет ән туған аймақты армансыз көріңіздер. Сіздер қайтар кезде соғамын, ертең облысқа аттанбақшымын, – деп шығарып салды. Міне осы сәттен бастап Қасымды туғанымдай жақсы көріп кеттім.

Алматыға келген соң «Жалын» кітап дүкенінен «Абай бол, арлан» деген кітабын сатып алып оқыдым. Оның алдында Ш.Айтматовтың «Жанпида» деген романын оқып шыққанда арлан Тасшайнар, қаншық Ақбөрінің іс – әрекеті мен мінез – қылығына қайран қалып күдіктенгенмін. Тіпті сенбеген тұсым да болды. Ол әсіресе Базарбай секілді кесірлінің апаннан алған қасқыр күшіктерін із тастау үшін Бостан отарына әкеліп, одан әрі өз үйіне алып кеткенінде Ақбөрі мен Тасшайнар Бостан ауылын торып, түні бойы ұлып, ұйқы бермегендерге тіпті орынсыз әсірелеу болып көрінетін сияқты. Солардың бірі өзім болғанымды жасыра алман.

«Абай бол, арлан» атты кітапты оқығанға дейін Қасым Тәукеновтей аңшының күнделік жазып, қасқыр «психологиясын» зерттеп жүргенін естіген жоқ ем. Қасымның жазбаларында жоқ сияқты. Ісі орнықты, сөзіне тұрақты азаматтың жалған жазуы мүмкін еместігін 1991 жылдың аяғында қолымызға тиген «Азулы арлан» кітабы дәлелдеп отыр. «Сақал – мұртын қазақша басқан қошқар  мұрынды ақсақалдың түкті қалың қабағы қарс жабылып, қастары бір – біріне түйісе, араларындағы үш сызықты тереңдете түсіпті. Екі иығы салбырап, қыл шылбырды жүгенін тізесіне тастай салған» деген суреттемеден қасіретке кездескен пенденің келбетін аңғарғандаймыз. Қарагер бие трагедиясы оқушының аяушылық сезімін оятудың ғана емес, образ жасаудың амалы: «Көзім биенің желініне түсіп кетіп еді, төбе құйқам шымыр ете қалды. Аппақ сүт астыңғы санын жуып төмен ағып жатыр. «Жануарым – ай, жас құлының бар екен ғой, қап! Әттеген – ай!» деп ернімді тістей бердім» дегені біраз жайды аңғартса керек.

         Бұл кітаптың негізгі кейіпкері – Қасқыр. Өзін де, өзгені де аямайтын бөрілерді қан сасытып қырып жатқанда, бөлтіріктерін апаннан алып ұлытып қойғанда тіпті жаның ашиды. Бірақ адамның оған қас болар себебі де көп екен. Сенің мәпелеп өсіріп, бағып – қағып отырғаныңды қас пен көздің арасында жарып тастап жүре беретін қысастығын қалай кешірерсің. «Азулы арланды» оқығанда осындай екіұдай сезімде отырдым: аяйсың да ашуланасың, ізіне түсіп қуып келе жатқанда жаны ышқынып, кірер тесік таба алмай қиналғанын көргенде кәдімгідей мүсіркегеніңмен, жол жөнекей қан жосытып келе жатқанына кешірім жасай алмайсың. Ал оқушысын осындай күйге жеткізген аңшының қаламгерлігі қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа дер ем. Әрине, М.Әуезовтің «Көксерегі» болғанымен, тап аңшылықты осыншама деңгейде суреттеген жазушы бізде болған емес. Соңғы кезде жан – жануарлар мен өсімдіктер дүниесін оқушыға қызықтыра баяндап беріп жүрген Мүтікен Ошыбаевтың барлығы біздің жетіспей жатқан саламыздың кем – кемтігін толтырады дегеннен аулақпын. Жасөспірімдердің дүниетанымын кеңейту үшін өмірден осылайша ойып алынған, қоспасы жоқ ғибратты хикаяларды ана тілі оқулықтары  мен әдебиет хрестоматияларында жиі – жиі беріп отырса, біздің балаларымыз байқампаз да қызықтағыш болып өсер еді – ау деген ой қылаң береді. «Жыл он екі ай» жинағын, балабақша мен жасөспірімдерге арналатын кітапшаларды құрастыратындар аты шыққан жазушыларды жағалай бермей, өздерінің өмірлік машығымен өнегелі өнер көрсетіп жүрген аңшы, саятшы өнерпаздарды көзден де, көңілден де таса қалдырмаулары керек сияқты.

         «Туған жер оған да қымбат» деген хикаяны оқығанда жағамды ұстадым, өйткені ұялы қасқырдың еркін жайлайтын мекен – жайы болады екен, өз «мемлекетінің» шекарасына қиын тастап, сарып «біз барамыз. Әзірге тіріміз, бұдан арғы жердің қожасы – біздің тобымыз» деген белгі соғады. Оларөзі жайлайтын аймақты меншігіндей иемденеді» (73) дегенге нанарыңды да, нанбасыңды білмейсің. Нанбайын десең бір дәлелден бір дәлел асып түседі.

         Мына қызыққа қараңыз. «Жыртқыш аңдардың маңында өлімтік аңдитын серіктері болады екен. Біздің жерде қасқырдың маңында сауысқан жүретін көрінеді.

         «Моторыңды өшір. Ал тыңдайық…. Не естіп тұрсындар?

  • Ештеңе естілмейді. Тек сауысқанның дамылсыз шықылығы ғана келеді құлаққа.
  • Міне, істің мәні сонда. Өздері он шақты ғой деймін.

Олардың не деп жүргенін түсіндіңдер ме?

  • Жоқ, сіз қызық екенсіз, сауысқан тілін қайдан білейік.
  • Меніңше олар «әуелі мен көрдім, қалдығы менікі» деп дауласып, өзара таласып жүр. Бірақ бөрілер жанынан кеткен жоқ, әйтпесе төмен түсер еді. Олар қазір ештеме қалмай ма деп дызалақтап, ағаш басында отыра алмай ұшып – қонуда» деп сауысқан әрекетінен хабар алады. Сөйтіп сауысқан сыр шашып, аңшының арланды атып алуына жағдай жасайды.

          Нанар – нанбасымыз әр көңілде қалар, бірақ мынадай қызықты қалай тамашалаймыз. Қасқырлар түн ортасында тойдан оралып келе жатқан баяншы Володяны қамайды. «Қыспаққа ала түседі. Тіпті алты –жеті адымдай жақындап қалады. Не істеу керек? Айғайлауға даусы шықпай қалады. Сөйтіп тұрғанда, баяны есіне түсіп, тым болмаса естіген жұртқа хабар берейін егендей құшақтап тарта жөнеледі. Сол кезде, о ғажап, қасқырлар шоқиып –  шоқиып отыра қалады.

Әсіресе «Маньчжурия қыраттарында» деген вальсты ойнаса, әлгілер соны ерекше ұнатқандай кезек – кезек ұлып, баян дауысына қосылып «ән салғандай» болады. Бөрілердің осы вальсты ұнатқандары сондай,  басқа бір әнді бастаса, оны жақтырмай, орындарынан тұрып Володяға жақындай түседі. Сасқанынан ол қайтадан вальсті ойнауға мәжбүр болады. Сөйтіп, таң атқанша дем алмай баян тартады» деген хикаяны езу тартпай оқу мүмкін емес. Өзі де сенгісі келмегенмен «қасқырлардың музыканы ұнататынын бұдан бұрын Махариннен де естігенім бар еді. Оның үйіндегі асыранды қасқыры кейде иесі гармон ойнаса, алдына келіп, шоқиып отыра қалып, ұлып қосылады дейтіні» біздің шүбәлі көңіліміздің қыбын тапқандай.

Бұдан басқа талай қызықтар көп, оның бәрін тәптіштей беру де шарт емес. Өйткені аңшы әңгімесі таусылмағанмен, көркем шығарманың белгілі шешімі болуға тиісті екенін қаламгер Қасым ұмытпайды. «алғашқы даудың ақыры немесе басқа күнделіктің басы» деген соңғы кезде бір қорытынды жасап, шығарманың композициясын дөңгелетеді. Қасқыр жайлы хикаяға әбен елтіген жұртты ені жаңа бір арнаға шақырады. «Ғажайыбы көп жабайыларды» алдымызға көлденең тартады.

Бұл бөлімге жеткенше «қасқыр профессоры» Қасыммен бірге өштесіп, бірге қуанып, бірге ыза –кекке оранып келсек, енді жаңа бір дүниенің есігін ашқандай әсерленесің. «Қаламгерлігің құтты болсын, қазақ әдебиетінде аз жазылған жайларды өркендетуге көмегіңді аяма» деген тілегімді айту үшін маңдайынан әрқаша сипай бермейтіндігімді сезіп қойсын, аяғын тартып, еппен сөйлесін дейтін «педагогикалық» ойдан да алыс емеспін. Өйткені бұдан былай көркемдік талап күшейе берері хақ.

Аңшы болған қандай тамаша, табиғатпен құшақтасып өткен соң көпті көріп бақылайды екенсің деп те қойғың келеді. Бірақ, шынымды айтайын, жаратылысты жіті бақылап, түйін жасай білетіндері бар болғанымен, көрген – білгенін мөлдіретіп айтып,  жазып беретін қаламгерлікке не жатсін деп қуанасың. Бізден де Пришвин, Бианки, Зверевтер шығып, әдебиетіміздің олқысын толықтырып жатқан шаттығы тағы бір төбе. Бәрінен де, өнер биігінен жарқырап көрініп жүрген азаматтардың қазақ мәдениетіне қосары бұдан көп болса екен деп тілейсің.

Қаскей ақсақалға жанасқан жандардың бәрі демей – ақ қояйын, біразы өнерпаз болып кездесері хақ. Қасым Тәукеновтың бұдан кейінгі азаматтығын көрсету үшін  осындай қаламгерлігін таныта кеткеннің еш артықтығы жоқ.

Кездескенде ғана жылы шыраймен амандасып жүретін, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Жер шоқтығы – Көкшетау» эссесінің, «Балқадиша» романының авторы «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы жанайдар мусин бюро атынан Қаскей Өтекиннің тойын өткізетін комиссияның төрағасы екенін, Көкшетауға 4 қаңтарда жетсем өзі вокзалдан қарсы алатындығын хабарлады.

Жазған құлда шаршау барма, өзімнің алпыс жылдығымда иығыма жабылған көп шапанның  тәуірін таңдап алып, жолға шықтым. Поезд көкшетауға күн бата жетеді екен. «Түнде жүрген қиындау болар, оданда таң сәріде аттанайық» деген Жанайдар Біржан сал көшесінде үлкен қонақтарға арналған мейрамхананың екі – үш бөлмелігіне орналастырды. Жол үстінде ұйқыны соғып келгендіктен бе, иә жаңа жерге түскендіктен бе, әлде ақсақалдың тойы қалай өтер деген ойдан ба, әйтеуір дұрыстап көз шырымын алмаддым. Таң сібірлеген кезде Көкшетаудан аттанып, 400 шақырымдай жердегі Аманкелді совхозына тарттық. Аудан орталығы Қызылтуға келсек, аупартком хатшысы, атком төрағасы бастаған бюро мүшелері бізді тосып тұр екен, аяқ суытып алған соң он шақты жеңіл машинамен Омбыға қарай тарттық. Келсек көшеде, мектеп қабырғасында әртүрлі ұран жазылған қызыл шүберектер, мәдениет сарайының алды ығы – жығы халық. Тайлы – таяғына шейін қалмауларына қарағанда бұл ауылда мұндай мерейтой бірінші өткелі тұрған сияқты. Алматыдан радиожурналист және комитет басшыларының бірі Жамбыл Қаймолдин, Ақмоладан Сәкен мұражайының директоры Роза Асылбекова, облыстық, ауандық газеттер мен теледидар тілшілері жүр.

Күн еңкеймей тұрып Қаскей ақсақалмен  мәдениет сарайы алдында мадақ қағазын беріп, үстіне шапан кигізіп, астына ат мінгізетін рәсімімізді жасап алып, ішке кіріп думандатайық деп келіскенбіз. Құдайдың жарығын тиімді пайдалану мақсаты жүзеге асты. Ең азында 600 – 700 адам сиятын мәдениет сарайында ине шаншар орын жоқ, ығы – жығы болып анталасып тұрған халықты қақ жарып, төрге оздық. Өңгесін былай қойғанда, ақындар айтысын ұйымдастырып қойған екен. Құлаш – құлаш мадақ сөзді ән – күймен ажарлап отырған қызықты да ұзақ жиын аяқталған соң әдетті дастархан мәзіріне көштік. Жанайдар екеуіміз Қасекеңді ортамызға алып: «Қалай, сто грамм не помешает?» дегенде «Сегодня можно до двести» деп қарап отыр.

Түн ортасы ауған кезде қонақтарды таратып , кемпірі дүние салғаннан бері жалғыз өзі жатып келген керуетіне жайғастырып, тағы да Жанайдар екеуіміз Сәкен екеуінің «похождениелерін» естімек болып қасына келдік. 200 грамды толық орындаған соң шешіледі, біраз қызыққа батамыз ғой деп дәмеленген үмітіміз ақталар емес. Жолатпайды маңына айдау болған екен ғой деп тағы да ретін тауып бір тарттырып.

Я старый воробей, на микене не поймайте! –деп орысшалап тағыда өз әдетіне салып күлді. Сендердің, әсіресе журналист, жазушылардың ауыздарына сөз тұрмайды. Бірде болмаса бірде разболтаете. Мені күнәға батырмаңдар, одан да дем алайық – деп бізің ынтығымызды парасатты оймен басып тастады. Амалымыз таусылған соң өз төсегімізді таптық.

Адамды қуантқаннан асыл әрекет болмайды. Шаттанған көңілдің қыбын таба білетін Қасым Тәукеновтей басшылар бізде аздау – ақ деп өкінемін, жетелі жігіттер көп болса екен деп тілеймін. Осы тойға көзқарасын Қасекеңнің өзі айтты. «Тұрсынбек, өзіңнің тікелей араласуынның арқасында менің 90 жылдығым ұлан – асыр тойым өтті ғой. Облыстық емес, бүкіл қазақстандық көлемде: газеттерде жарияланды теледидиарда көрсетілді» деп бар ризалығын білдірген соң қазақтарды кешегі СССР көлемінде болмаған, ия өте сирек кездесетін құбылысты ертеректегі бір хатын сыр қылып айтса осылары нақты іске айналдырыпты.

Ғұмырдың көбі өтіп, азы қалды. Ойлап қарасам, ат жалын тартып мінгеннен бері тағдырдың сызығына дейін Сәкенмен даңғыл жолмен қатар жүріп келдім. Ал мен 1920 жылы 18 октябрьде уездік ревком председателі Бейсенов Мұхаметжанның кепілдігімен партия қатарына алынғанмын. 1921 жылдың орта кезінде шарлақ уездік партком секретарынан кандидаттық стажды бітіріп, партбилет сұрағанымда: «арыз түсіп жатыр. Бай баласы екенсің, партияда болмайсың, аулақ жүр» деп қуған. Асыра сілтеу заманы ғой. Бет қайтарған соң қуған жоқпын. Сол даңғыл жолмен журе бердім, бөгет болған жоқ, сенімсіздік білдірген жан болған жоқ. Партияның сыртыңдамын деп өзіме ойлаған жоқпын. Өйткені М.Горький атамыз «адал қызмет атқарған совет адамын партияда жоқ деуге болмайды» деген. Әйткенмен өмірге жолдаманы Ленин партиясынан алдым ғой. Енді өмірімнің ақырында қалтамда сол партбилет болу керек қой. 1980 жылдары Қызылжар, Омбы архивтерінен сұрағанымда «бізге түскен личное дело жоқ» дегенінен ішімді тартып, Қасекең енді қандай жүріс жасар екен деп әрі қарай оқығанымда: «Бұл мәселе жөнінде Тәукеновке айтқанмын. Архивтерден іздеп әуре болмаңыз, табылған күнде де 70 жылдық партстаж сақталмайды, онан да жергілікті партия ұйымына арыз беріңіз де, партияға кіріңіз» деген.

Сол айтқаны бойынша арызымды тапсырып, шешім күтіп отырмын» деген 1990 жылы 13 ақпанда хатын алған соң, қатты ойландым. Бұл кезде перестройка деп шапқылағанмен социализмге, оның идеологиясына дейтін сенім біртіндеп сөне бастаған шақ болатын. Жалпы халыққа, оның ішінде 90 процент болатын еңбекші жұртшылығына жақсылық жасаймын деуден сонау 1917 жылдан бері жағы бір талмай келе жатқан, шүбаланғанды әртүрлі іс-әрекетпен өз жолына түсіріп, көндіре алмаса көзін құртып келе жатқан коммунистік партияны Қаскей ақсақалдан қызғанбай-ақ қояйын, қайта сәкендердің кешегі серігі бүгін осындай қадам жасап жатыр деп жар салуға бекіндім.

«Правда» газетіне хабар жіберім. 1990 жылы 24 наурыз күні «Рассудите сами» деген атпен басылып шықты. «На днях олучил письмо от Хаскея Утекина. Меня потрясло намерение этого старого человека: 6 января ему исполнилось 90 лет. Так вот аксакал решил вступить в ряды КПСС. Впрочем, все по порядку» дегеннен соң сәкенмен дос болғанын, сол үшін Солтүстік Оралда он жыл лагерьде жүргенін, одан қайтып оралғаннан кейін Омбы, Петропавл архивтеріне жазғанын, облыстық комитеттің бірінші хатшысымен ақылдасқанын хабарлап, «разумеется, дело первичной парторганизации – принимать ли в свой ряды 90-летнего человека. Но искренностыо Хаскея и желанием его поддержать партию я лично восхищен» деп ойымды қорыттым. Қазір бәріміз де не боларын алдын ала біліп отырғанай сөйлейміз ғой, ал мен сол кезде Қаскей ақсақалдың бұл әрекетіне қайран қалғаным рас еді және ол жөнінде менімен бірге талайлар телефонмен, хатпен хабарласып, ой бөліскен еді.

«Правда» газеті шыққан күннің ертеңіне яғни 25 наурызда Москвадан өзіме жақсы таныс, талай сапарда бірге болған, сол кезде СССР Ғылым академиясының М.Горький атындағы әлем әдебиеті институтының директоры Ф.Кузнецов «Разделяю Ваше восхищение! Преклоняюсь перед искренностью аксакала Хаскея! Многие тупицы и недоумки скоро получат ответы на свои вопросы. Всего Вам доброго» деп ашық хат жазып жіберсе, тап сол күні келген жеделхат мынау:  «Алма – Ата. Государственный университет профессору Какишеву Т.Прошу информировать меня о результате рекомендации первичной партийной организации. Я, Ершов Федор иванович, член КПСС с 1930 года, партбилет №02341842, русский, 1903 года рождения, ветеран труда и войны, пенсионер рекомендую партийной организации принять в ряды КПСС товарища Хаскея Утекина и несу за рекомендацию полную партийную ответственность. Желаю товарищу Хаскею здоровья, долгих лет жизни коммуниста. Мой адрес: 326200, Безозерка, Херсонской области, ул. Вдовиченка ЧЗ – Ершов Федор Иванович. 25 марта 1990 года».

Тағы да сол 25 наурыз күні Мәскеуден Алматыға бір хат сапарға шығыпты. Сонымен де танысып қойыңыздар.

«Ваше сообщение о Хаскее утекина вернуло меня к 34-37 гг. Я очень рада, что он жив, несмотря на тяжкие испытания, которые он перенес

Я меня к Вам просьба. Если можно, напомнить ему о том времени, когда с мужем жили в Алма – Ата. Муж Дайн А.И. работал в госбанке КазССР. Мы дружили, я знала его брата и друга Сакена, знала он работал и жил. У меня даже есть наша общая фотография.

Передайте ему привет, положение, чтобы его ничто больше не очарало» деп үй адресі мен телефонын көрсетіпті. Қасекеңе дереу хат жаздым, жауап кешікпеді.

«Ершов, Кузецов дегендерді білмеймін. Дайн фамилиясындағы ерлі-зайыпты адамдар – маған өте жақын достар еді. 37 жылы айырылғаннан кейін олардың бар – жоғын кім білген. Көрсеткен адрес бойынша хат жазып жібердім. Жастық шағымыз ғой, талай қызық күндер болушы еді…» деп көп нүкте қойыпты. Ойына не түскенін кім білсін, сөзін қысқа қайырып: «Правдада» басқан мақалаң сенсация болды. Бастауыш партия ұйымы қол шапалақтап қабыл алды. Үш адам кепілдігін берді. Райком бюросы бекітіп, кандидаттық кітапшасын тапсырды. Февраль-март айларының партиялық жарнасын да төлеп қойдым» деп аудандық партия конференциясына құрметті қонақ ретінде барып қайтқанын, 26 съезден кейін мүшелік билет алатындығын хабарлап келіп: «Арманым орындалды, көңіл хош болды. Діни аңызда – харасат майданында жақын достар кездесетін болу керек, – әрине рухтары ғой. Сәкен бастаған көп достарыма – сендер жүріп өткен үлкен жолмен адаспай  келіп тұрмын деп шалқаямын ғой.

Сәкеннің шарапаты барлық өмірім бақыт, рызық беріп кетті ғой. Оған себепкер сен – менің Сәкенмен достығымды шегелеп бекіттің ғой. Мені мен Галинаның (Серебрякова Т.К.) жүрегіне Сәкеннің жарқын бейнесі мұңды өкініш болып мәңгілікке бекіді ғой» деген ойлары достыққа осыншама  берілген жан болады екен-ау деген таңданысты еріксіз тудырады. Ал партияға кіруі, оған өлердей қуануы, ол шаттығын хат арқылы жеткізуі ақыл-есінің дұрыстығын көрсетері сөзсіз. Тырнақ астынан кір іздеуге, жақсылықтың астынан құйтырқы табуға машықтанып қалғандарға болмаса, көңілі дұрыстар еш шүбәлана қоймасын республикалық партия газеттері айқын танытып жатты.Ұшқырлау, әсіресе саясат жағында шалыс баспайтын «Социалистік Қазақстан» газеті 1990 жылдың үшінші сәуірінде «Тоқсан жасында партияға өтті. Көкшетау. (Меншікті тілшімізден).  Сәкен Сейфуллиннің серігі, досы болған, он жыл бойы тұтқында жапа шеккен Қаскей Сыздықұлы Өтекин тоқсан жасқа толған тойын өткізісімен, «Амангелді» совхозының партия ұйымына КПСС мүшелігіне кандидаттыққа қабылдауды сұрап, өтініш берді.

Ардагер өз өтінішінде: «Ғасыр құрдасы ретінде мен партиямыздың тарихына тікелей куәгер болдым. Қашанда Ленин партиясының жасампаз идеясына сенімім берік. Қашанда Ленин партиясының жасампаз идеясына сенімім берік. Қазіргі КПСС-тің бағытын толық қолдаймын. Сондықтан да, КПСС мүшелігіне кандидаттыққа қабылдауды  өтінемін» деп жазды.

Ардагердің өтініші қаралған жиналысқа қатысқан елу коммунист түгелдей жақтап дауыс берді. Бастауыш партия ұйымының шешімін Қызылту аудандық партия комитетінің бюросы мақұлдап, бекітті.

Өмірдің талай тар жол, тайғақ кешулерінен өткен ардагердің партия тағдыры шешілер сын сағат, қиын кезеңде де онымен бірге болуды қалауы-тағлым аларлық өнеге» деген хабар берді.

Қазақ елінде болып жатқандарға самарқау қарап партиядан қорыққанынан амалсыз қимылдайтын «Казакстанская правда» алтыншы сәуірде «Уникальный случай произошел недавно в Кызылтуском районе.Здесь приняли кандидатом в плены КПСС пенсионера из совхоза «Амангельдинский» Каскея Утекина, которому исполнилось 90 лет.

У аксакала трагически сложилась жизнь. Соратник Сакена Сейфуллина, он 10 лет провел в сталинских лагерях. А потом восстановить доброе имя было очень трудно. Подавая заявление о приеме, Утекин сказал, что этим хочет помочь партии в нелегкое для нее время. Б.Ережепов. » деген хабарды қазақшадан аударды ма, онша көсіле қоймады. Әрине, іргесі шайқалып, уықтары сықырлай бастаған компартияға Қаскей Өтекин тіреу болар деп ойламағанмен, қайран қалар оқиға екені рас. Бірақ өзінің маған жазған  хатында пәлендей ештене бола қоймағандай  сыңай танытады да пенделік жайды әңгімелеп кете беріпті.

Қасым Тәукеновтың ақсақалға әдейі барып сәлем бергенінде, депутаттық борышын атқару үшін халықпен кездесіп жүргенінде «дүниеауи әңгіме сөйлеуге болмайды, бір-екі мәселем бар, Көкшетауға барып айтамын дедім» дегені қаншалықты жетелі адамның қылығы деп таң қаласың. Жол мен жиын үстінде айтылған өтініштерге ешкімде қарсы болмайды. Билігі бар адамның кеңсесіне кіріп, мәселені қолма-қол шештіріп алу Қаскеннің Қазақ СССР Орталық Атқару Комитетінде 1923-37 жылдары істеген уақытта бойына сіңірген тағылымы екені сөзсіз. Жөпелдемеде, аяқ астында тілек білдірмей, тиянақтылық  таныту кейінгілерге үлгі боларлықтай.

  Көкшетауға әдейі ат арытып жеткенінде Қасым Тәукенов бар мәселесін шешіп, тіпті екі бөлмелі пәтер алып беріп, түскі тамаққа үйіне шақырыпты. «Үйінен атам қазақтың иісі шығып тұр: еденде төсеніш, киіктің иленген терісі, күміс ер-тоқым, күмістеген белбеу, ожау, дөңгелек стол – жерге отырып тамақ іштік. Үлкен кітапхана», деп менің 1984 жылы Атбасар қаласында көргенімді көз алдымда қайтадан елестетті. Бар ризашылығын «Қасым інім тәрізді халық ағасының қамқорлығына іліккеніме шүкіршілік етемін. Мұнда да, аруағыңнан айалайын Сәкенің шарапаты  ғой», деп білдіріп, тағы да бисмилласын Сәкенмен бастап, дұғасын Сәкенмен аяқтайтын ғадетінен  айнымады. Қаскей ағайдың менің қолымдағы соңғы хаты 1991 жылдың 28 мамырында жазылыпты. «Көз жұмғанша арамызда хат үзілмесін деген келісім бар еді, іс жүзінде олай  болмауға айналды. Оған басты кінә – менің қарттығымда болып тұр. Жас 91-ден асқан соң, бойда сырқат болмаса да, ыңқыл-сыңқыл, тұмау дегендер үйір болады екен» деп алады да Сәкенді Магаданда өз қолыммен жерледім деген Мудровтың хикаясын шын көріп, «Сәкеннің» мүрдесін алып келіп жерлесе, аға- жанымқайта тірілгендей болар еді… Қабір топырағын құшақтап көз жұмсам армансыз болып өтер едім бұл дүниеден» деге достықтың шегіне жеткен сөзін айтады да, тірлікке қарай ойысады. «Үзбей хат жазатын адам – Гүлнәр Міржақыпқызы. Оның анасы Ғайнижамал-  Омбы қызы, оқып жүрген кезінен білетінмін» деп бір қойса, «Түркия мемлекетінің президенті Озал Алматыда бауырластық келісімге қол қойғанда төбем көкке жеткендей болды» деп әріге тартса, «Мәриям (Сәбиттің бәйбішесі Т. К.) замандасымның қалы қандай,  менен дұғай сәлем» деп алады да «мен болсам, барлық құрбы- замандастарымнан айырылып, көп қойдың ішіндегі бір ешкіге (текеге) ұқсап, дара қалып тұрмын. Гафикке әлі жеткен жоқпын- ау тегі. Сағынып тұрған мен де жоқ, жарық дүниені көре берейін» деп газет- журналдар оқитынын, «Көкшетаудың «Оқ жетпесі» жақсы газет болып келеді» деп те қояды.

Ең соңғы қатында Мудровты Магаданға алып баруға ақыл қосады да, «Қазір 92-ге аяқ басып отырмын. Денсаулық кем. Өзіне хат жаза бастағанда тың, сергек едім, ауырып қалдым. Қартайған ағзаға дәрігердің де шамасы келмейді екен. Маған да «Өмір графигі» жақындаған болар тегі. Төтендеген ажал- Жанайдар Мусинен – қымбат ініден айырып жіберді.

Тұрсынбек, Сәкеннен кейін айнымас дос болған Жақанның 90 жылдық мереке тойына бара алмаймын. Өз бетіммен жүре алмаймын, құлақ естімейді, халықтың көп жиналған жерінде «тірі мәйіт» болып отырудың не қажеті бар!» деген өр де толымды оймен соңғы хатын жолдапты.

Өмірдің қызығын көп көріп, қатты тепкісіне шыдаған, кеудесін имей, арманына жетіп кеткен Қасекеннің үлгі- өнегесі кейнгілерге ғибрат болар деңгейде. Дірілдеп- қалшылдап жүріп ғұмыр кешкенде, Сәкен – Қаскейлер сияқты өрлікпен өткенге не жерсін!

Тұрсынбек  Кәкішев

ғалым, жазушы