С. Сейфуллин өмірбаяны

25.01.2016


sakensСейфуллин Сәкен (Сәдуақас)
(1894 – 1938) – ақиық ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері. Ақмола уезі, Нілді болысында дүниеге келген. Туған жері әкесінің қыстауы Ортаудағы Қарашілік (қазіргі Шет ауданының жері) деп аталып жүр. Ал туысқандары Ә.Ахыбеков, С.Бармұханбетовтердің айтуынша күз айларында, Иманақтауларына жақын жерлердегі Сейфолланың жайлауында (қазіргі Жаңаарқа ауданының жері), қыстауға көшпей тұрғанда туған.

Сәкен 1905-1909 жж. Нілді кенішіндегі  бастауыш мектепте, 1909-1911 жж. Ақмоладағы  екі сыныпты приход мектебінде, 1913 ж. Омбыда құрылған қазақ жастарының «Бірлік» мәдени – ағарту ұйымының сол қанатын басқарады. 1917ж. мамыр айында Ақмолада Қазақ комитетін құруға қатысады. Әуелде орынбасары, кейін төрағасы  болады. Осы комитетпен қатар «Жас қазақ» ұйымын құрып, оның «Тіршілік» газетінің жұмысын басқарады. 1917 ж. күзде Ақмолада ұйымдасқан Совдептің президиум мүшесі, Ақмола уезіндегі ағарту ісінің комиссары болып сайланады. 1918 ж.Колчак әскері Ақмоланы алып, қаңтар айында ішінде Сәкен бар Совдеп мүшелерін Қызылжарға (Петропавл) жаяу айдады. Одан атаман Анненковтың азап вагондарына мінгізіп, Омбыға, Новосибирьге, Барнаулға, Семейге апарып, сол жолмен қайта Омбыға алып келді. Сәкен Омбыдағы тұтқын лагерінен 1919 ж. наурыз айында қашып шығып, Алтай губерниясы арқылы Павлодарға, одан Баянауылға барып паналайды. Сол Жылы Күзге таман Есен бойындағы елге келіп, біраз аялдап, Бетпақ дала арқылы Кеңес үкіметі билеп тұрған Әулиеатаға (Тараз) жетеді.

            1920 ж. мамыр айында Ақмолаға оралып, уездік атқару комитетінің төрағасының орынбасары және іс басқару бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. 1920 ж. жазда бүкіл қазақ өлкесін басқаратын Ревкомның құрамына сайланады. Осы жылы 12 қазанда ҚазКСР Орталық атқару комитетінің президиум мүшесі болып сайланды. 1922 ж. «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, оқу халық комиссарының орынбасары болып тағайындалады. 1922 -1924 жж. ҚазАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. 1925 -1928 жж. Қызылорда халық ағарту институтында, 1928 – 1929 жж. Тәшкен педагогикалық институтында, 1930-1937 жж. Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтында қазақ әдебиеті тарихынан сабақ береді. 1927 – 28 жж. «Жыл құсы» альманахы мен «Жаңа әдебиет» журналын шығаруға белсене қатысады. Ұзақ уақыт «Әдебиет майданы» журналының редакторы қызметін атқарды. 1934 ж. Қазақстан коммунистік журналистика институтының профессоры болды. Әдеби шығармаларынан: 1914 ж. «Өткен күндер», 1922 ж. «Асау тұлпар» өлеңдер жинағын шығарды. 1917 ж. «Бақыт жолына», 1920 ж. «Қызыл сұңқарлар» пьесаларын жазды. 1924 ж. «Домбыра», 1926 ж. «Экспресс», 1928 ж. «Тұрмыс толқынында» жинақтарын, 1927 ж. «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесі мен «Жер қазғандар» повесін, 1929 ж. «Көкшетау» поэмасын жариялады. 1933 ж. «Альбатрос», «Қызыл ат» поэмаларын, 1935 ж. «Социалистан» атты өлеңдер жинағын шығарды. 1934 – 35 жж. Дейін «Айша» әңгімесі, «Біздің тұрмыс» романы, «Жемістер» атты публицистикалық хикаяты, көптеген өлеңдері жарық көрді. 1936 ж. ақын шығармашылығының 20 – жылдығы кеңінен аталып өтті. Сәкен қазақ жазушыларының ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 1937 жылы Сәкен Сейфуллин «халық жауы» деген айып тағылып ұсталып, 1938 ж. 23 ақпанда Алматы қаласында атылды. 1957 ж. 21 наурызда бұрынғы қылмыстық ісі тоқтатылып, толық ақталды.