Хасенұлы Иген

25.01.2016

ХАСЕНҰЛЫ Иген Ысқақнемересі 18.07.1942 ж.т. Қарағанды обл., Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылында туған, қазақ жазушысы, драматург, аудармашы, қазақ энциклопедиясының іргетасын қалаушылардың бірі. Ысқақ әжесі Бәйбекұлының туған немересі. Алғашқы өлеңдерін мектеп қабырғасында жүріп жазған. Үздік оқушы атанып, Түгіскен орта мектебін алтын медальмен бітірген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін 1965 жылы бітіріп, Республикалық халық шаруашылығы үйінде сахналық шағын туындылар қабылдау кеңесінің редакторы қызметін атқарады. Халық театрлары сахнасына арнап «Жақсы көке», «Қасқалдақтың қаны», «Ұтыс», «Таскене», «Тірі тышқан», «Не жазығым бар еді?» т.б.сынды бір актілі пьесалар, «Вот, надандар», «Жауырыны жер искеген ишан» сияқты уытты скеч-интермедиялар жазды. Арк.Арканов, Гр.Горин, Ф.Камов, Э.Успенский сықақ әңгімелерін қазақ тіліне аударды. 1971-98 ж. қазақ энциклопедиясы Бас редакциясында аға ғылыми редактор, Тіл әдебиет және өнер редакциясының меңгерушісі, Бас редактордың 1-орынбасары, 1998 жылдан «Атамұра» корпорациясында энциклопедиялық басылымдар редакциясының меңгерушісі. 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясы» мақалалары тілінің ғылыми әрі жатық болуына қыруар еңбек сіірген ол, осы көп томдық басылымға «Халық шығармашылығы», «Киіз үй», «Қымыз» сияқты мақалалар жазды. Оның этнографиялық тұрғыда жазылған «Тырнақалды», «Қансонар», «Қамаутер», «Серт», «Тәуба», «Аққасқа», «Қайран қарагер», «Құмына қашқан Керкиік», «Үйірі қысырақтың мақпал қара» атты әңгімелерінде автор ұлттық дәстүрдің адамды кісілікке тәрбиелейтін нәзік иірімдерін тілге тиек етеді.

ҚР Жоғары Кеңесі Грамотасымен және медальдармен марапатталған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қарағанды.Қарағанды облысы:Энциклопедия. – Алматы:Атамұра,2006 . – 537 бет.

2.Жұмаділдин.А.Жаңаарқа.Дерекнама.-Алматы:Кенже-Пресс-Медиа,2003.-138 бет.