Қалилаұлы Кенжеқара

25.01.2016

ҚАЛИЛАҰЛЫ Кенжеқара (1881-1939). Жаңаарқа ауданы Ақтау болысы, өздерінің ата қонысы Сарысу өзенінің бойындағы Жиын қорасы деген жерде туған. Қазақтар мұсылман дініне енген соң арабтардың Құрайыш тайпасынан келген миссионерлердің қожа аталып кеткені тарихтан белгілі. Кенжеқараның да тегі – қожа. Жаңаарқадағы қожалардың ішінде Сайдалы руының қожалары үлкен топ. Бұлар Арқаға келген Қожакүленнің Молдакүлен мен Баба атты балаларынан тараған ұрпақтар 40-шаңырақ Сайдалы қожалары деп аталады.

Бұл қожалар тұқымымен емсек, халық дәрігерлер ретінде мойындаған. Әр түрлі шөптерден дәрілер жасап, қандыаурумен адамның басынан қан алып, қажет кезінде тіпті күрделі операциялар да жасаған. Адамның сырқатын адамның тамырын ұстап біліп, ем қолданған. Кенжеқараның үлкен әкесі Әбдірайым қожа Алтай-Қарпық руларымен жапсарлас Қаракесектің Қарсөн-Керней деп аталатын руларының бір аулында босана алмай қиналып жатқан бір келіншектің ішін жарып, үш баланы аман-есен тудырып алған. 7-8 жылдан кейін сол ауылға қожекең тағы бір соққанда баяғы өзі жарып алған балалары ер жетіп қолдарында сүлгі, құман, шләпшіні бар қожаның қолына су құйып тұрғанда балалардың шешесі «қожеке мынау өзініз жарық дүниеге алып шыққан балаларыңыз, батаңызды беріңіз» депті.

Кенжеқара Шаққан Ахмет қажыдан оқыған. 1912 жылы Ахмет қажы үшінші айтып шығарып салуға Ахмет қажының мешітіне жиналады. Өлең шығаратындары мадақ өлеңдерін оқиды. Кежеқараның сондағы ұстазына арналған мадақ өлеңі төмендегідей екен.

«Он жаста Алла берген ғылым, хикмет.

Лайық ғылымына қылған зинат.

Бас бұрмай мойынұсынып ерте бастан,

Әмірге парыз ужит болған сүн нәт

Һідәят берген Алла бала жастан.

Түзеген талай жанды жолы адасқан.

Ізденіп пысықсынып келген молла,

Кететін шошынғандай арам астан.

Әсермен Алла берген шын қызғанда,

Заулайтын-ау жүзіңе қарамастан.

Мәдина, Мәкка, Стамбол біз білмейміз,

Ешкім жоқ қатарында қаламасқа.

Ұстазсыз ғылым берген мүккәм-шәпә.

Ғарық қылған рахматына қылмай жапа.

Алтынды қолы жетсе кім алмайды,

Талайлар әлі келмей болған қапа.

Дариямен құдық суы тең бола ма,

Түзеткен талай жанды болған хата».

Ұзақ өлеңнің бұл үзіндісінен Кенжеқараның кітаби ақын екені аңғарылады. Ақынның өлеңдерін жатқа білетін туыстары Қылыш қожа мен қарындасы Бибішеден ешкім жазып алмаған. Кенжеқарадан Қапиза деген жалғыз қыз ғана қалған. Әкесі өлгенде ол бір жасқа толмаған екен.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1Жұмаділдин.А.Жаңаарқа.Дерекнама.-Алматы:Кенже-Пресс-Медиа,2003.-114 бет.