Әбдіғазиұлы Балтабай

25.01.2016

ӘБДІҒАЗИҰЛЫ Балтабай – белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. 1952 жылдың 30 тамызында Жаңаарқада дүниеге келген. 1969 жылы Ақтау орта мектебін бітірген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін 1974 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, арнайы жолдамамен республика Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына қызметке жіберіледі.

1974-1978 жылдары осы институттың ғылыми-зерттеу тақырыптары бойынша жұмыс істеп, ұлттық театр өнерінің тарихы туралы тұңғыш іргелі еңбек болып табылатын «Қазақ театры» атты екі томдықты дайындау мен шығаруға ат салысады.

1978-1987 жылдары Б.Әбдіғазиұлы республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Жалын» журналының жауапты хатшысы болып істейді. Бұл жылдары оның қаламынан 300-ден аса түрлі проблемалық мақалалар, көркем очерктер туды. Бірнеше очерктер мен мақалалары, кітаптары жарық көрді. Сонымен қатар көркем аударма саласына да атсалысып, шетел және орыс қаламгерлерінің озық туындыларын қазақ тіліне тәржімалайды. Аудармалары сол жылдары жарық көрген бірнеше жинақтарда басылып шығады.

1987 жылдың аяғында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының (қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті) аспирантурасына қабылданады. Қазақтың Абайдан кейінгі әдебиетінің тарихынан ойып орын алатын, есімі мен әдеби мұрасы коммунистік идеологияның құрбанына айналып, көпшілікке беймәлім болып келген дана ойшыл, көрнекті ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық жолын зерттеуді қолға алады. Баспасөз беттерінде бірқатар мақалалар жариялайды, алғашқылардың бірі болып «Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармашылық өмірбаяны» атты кітабы жарық көреді.

1990 жылы «Абай дәстүрі және Шәкәрім Құдайбердиевтің поэзиясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл Шәкәрім жөніндегі ғана емес, ХХ ғасыр басындағы ұлттық әдебиетіміздің ақтаңдық тұстарын зерделеп, жазықсыз жапа шеккен ақын – жазушыларымызбен мәдениет қайраткерлерінің есімі мен еңбектерін ақтауға бағытталған алғашқы диссертациялық зерттеу болатын.

Аспирантурадан соң Балтабай Әбдіғазиұлы университеттің қазақ әдебиеті кафедрасына оқытушылыққа қалдырылады. Аз уақыт Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны кафедрасында доцент болып істейді. 1992 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасына доцент қызметіне шақырылады. 1992-1998 жылдар аралығында университеттің қазақ филологиясы факультетінің деканы қызметін атқарады. 1997 жылдан бері қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып істейді. 2001 жылы докторлық диссертациясын қорғайды. Б.Әбдіғазиұлының ғылыми жетекшілігімен бірнеше кандидаттық диссертация қорғалды.

1992 жылы «Қазақ университеті» баспасынан Шәкәрім ақынның шығармашылық мұраларын зерделеуге арналған «Асыл арна» монографиясы шықты. 1994 жылы «Шәкәрімнің лирикалық шығармалары» деген атпен жоғары оқу орындары мен орта мектепке арналған оқу құралы жарық көрді. 2000 жылы «Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері» атты монографиясы, Қытай Халық Республикасындағы Іле халық баспасынан «Шәкәрім» атты монографиясы шықты. 2002 жылы «Талант тұғыры» деген монографиясы жарық көрді. Сонымен қатар ғалым жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің даму проблемалары, Абайдың ақын шәкірттері, ұлттық әдебиет тарихындағы көрнекті ақындар мұралары туралы 100-ге жуық түрлі ғылыми және танымдық мақалалар жариялады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Жаңаарқа:Энциклопедия. – Алматы:Темірқазық,2009. – 105 бет.

2.Жұмаділдин.А.Жаңаарқа.Дерекнама. – Алматы:Кенже – Пресс– Медиа,2003. – 91 бет.