«Идеялар жәрмеңкесі – 2016» байқауы

22.04.2016

Қазақстан Респуликасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 30 наурыз күні аудандық С.Сейфуллин атындағы үлгілі кітапханасының оқу залында әдістемелік және кітапхананы дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен кітапханашылардың біліктілігін арттыру мақсатында «Идеялар жәрмеңкесі – 2016» атты байқауы өткізілді. Байқау мақсаты: кітапханашылардың шығармашылық жетістіктерін айқындау, жұмыстың жаңа формалары мен әдістерін енгізуге ықпал ету, кітапхана мен оның қызметкерлері, яғни кітапханашылардың иммиджін нығайту болды.

Байқауға 10 кітапхана, яғни 3 аудандық және 7 ауылдық кітапханалар қатысып, ат салысты. Шараға қатысушы кітапхана және кітапханашылар: аудандық С.Сейфуллин атындағы кітапханасынан жас маман Түсіпбаева Мақпал, аудандық жасөспірімдер кітапханасынан Сиязова Гүлсім, аудандық Б.Өтешов атындағы балалар кітапханасынан жас маман Сарыбаева Гүлнар, Байдалы би ауылдық кітапханасынан Кеншимова Сағат, Ақтүбек ауылдық кітапханасынан Анишова Бағлан, Орынбай ауылдық кітапханасынан Дүйсенбекова Айгүл, Қызылжар кентінің кітапханасынан Әбдіхалықова Жаннұр, Бидайық ауылдық кітапханасынан Самаева Айнұр, Сәкен Сейфуллин ауылдық кітапханасынан Құмарханова Гүлім, Қараағаш ауылдық кітапханасынан Есқараева Жаңыл.

Қатысушылар байқау ережесі бойынша ұсынылған 3 шартты: 1.Өзін-өзі таныстыру (1 минут), сонымен қатар кітапхана және кітапханашы жайлы портфолиосын қазылар алқасына ұсынып, көрсету, 2. Кітапхана, кітапханашы туралы сұрақтарға жауап беру, 3. Іс-шараларын көрсету (15 минут) орындау бойынша жарысқа түсіп, өз қабілеттері мен өнерлерін көрсетті.

Байқау қатысушылары 5 критерий бойынша бағаланды:

  • Құрылған сценарийлердің мәні мен мазмұны
  • Берілген тақырыпты ашуда қолданылатын көрнекі құралдар
  • Сайыскерлердің сөйлеу мәнері
  • Оқырмандармен жұмыс жасау тәсілдері
  • Электронды тақтамен жұмыс жасай білуі.

Байқаудың қазылар алқасы: аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Түсіпов Амангелді Бақышұлы, ОКЖ директоры Исаберлина Калия Мәжікенқызы, аудандық мәдени-сауық орталығының қызметкері Оспанова Гүлшара Мұқатайқызы, аудандық жастар орталығының директоры Сердалинова Мира Зульфхарқызы.

Байқаудың шарты бойынша барлық кітапханашылар өз реттік нөмерін таңдап, кезек бойынша өзін таныстырып, қазылар алқасына кітапхана және өз еңбектерінің портфолиосын ұсынды. 2-ші шарт бойынша сайыс сұрақтарына жауап беріп, ситуациялық жағдайлардан шығу туралы өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар әр кітапханашыға кез келген кітаптар ұсынылып, оны таныстыру, оқырмандарға насихаттау тапсырмасы берілді. Байқаудың 3 шарты бойынша әр қатысушы өзі таңдап алған тақырып бойынша дайындаған іс-шарасын көрсетті.

Қатысушы кітапханашылар жаңа жобаларын таныстырып, оқырмандарды кітапханаға тарту туралы ойларын айтты. Жаңаша жұмыс түрінің үздік идеясы Б.Өтешов атындағы балалар кітапханасының кітапханашысы Сарыбаева Гүлнардың «Хит-топ 25» кітап көрмесі атанды. Аудандық С.Сейфуллин атындағы кітапханасының кітапханашысы Түсіпбаева Мақпал ақын Ж.Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына арналған айстоппер кітап көрмесін ұйымдастырды. Аудандық жасөспірімдер кітапханасы онлайн кітап көрмесінің презентациясын ұсынды. Орынбай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Дүйсенбекова Айгүл «Ғажайып алаң» ойынын қызықты өткізіп, көрермендерге сыйлықтарын ұсынды. Байдалы би ауылдық кітапханасы Ә.Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына арналған алаш қайраткерінің өмір жолынан көрініс көрсетті. Қызылжар кенті кітапханашылары ақын М.Мақатаевтың шығармашылығына арнаған ерекше кітап көрмесі мен «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан көрініс көрсетіп, өз өнерлерін паш етті.

Шарада Мәдениет орталығының әншілері Сағындықов Абзал, Жаманов Медет, Қамиев Қасиет әннен шашу шашты.

Қазылар алқасының шешімімен байқауға қатысушыларды арнайы номинациялар бойынша  Б.Өтешов атындағы балалар кітапханасы «Ең үздік идея иесі», Сәкен Сейфуллин ауылдық кітапханасы «Оқырман көзайымы», Қараағаш ауылдық кітапханасы «Ең талғампаз ұйымдастырушы», Аудандық С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасы «Ең үздік көрме», Қызылжар кенті кітапханасы «Маңызды идея иесі», Ақтүбек ауылдық кітапханасы «Сөз зергері», аудандық жасөспірімдер кітапханасы «Жаңашыл идея иесі», Орынбай ауылдық кітапханасы «Ең үздік ойын ұйымдастырушы», Байдалы би ауылдық кітапханасы «Парасатты, тапқыр ойлы кітапханашы», Бидайық ауылдық кітапханасы «Белсенділік танытқаны үшін» дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен мараппатталды.

Байқау соңында барлық қатысушылар естелік фотосуретке түсті.