«Ата Заң – Тәуелсіздік пен тұрақтылықтың теңдессіз тартуы» дөңгелек үстелі

31.08.2016

IMG_4618 - копия2016 жылдың 29 тамыз күні С.Сейфуллин атындағы кітапхананың оқу залында  30 тамыз Қазақстан Республикасының  Конституциясы күніне орай  «Ата Заң – Тәуелсіздік пен тұрақтылықтың теңдессіз тартуы» тақырыбында  дөңгелек үстел өткізілді.  Дөңгелек үстелге  ОКЖ директоры Исаберлина К.М, Жаңаарқа аудандық  жастармен жұмыс жасау орталығының мамандары, аудандық мұрағат бөлімінің бас мұрағатшысы Жакупова Г, аудандық мұражай тарихшысы Шубаев Е және кітапхана қызметкерлері қатысты. Құттықтау сөз ОКЖ директоры Исаберлина К.М берілді.

«Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау». Бір сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деген еді. Шындығында кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын Негізгі Құжат – Конституция. Олай болса, Ата заңды киелідей аялап, қастерлеу – ұлттың ұлы парызы.

«Ата Заң – ел тірегі» тақырыбында слайд көпшілік назарына ұсынылды. Слайдта Ата заң қабылданған жылдан осы жылдарға дейінгі өзгерістер мен құқықтары жайында  фотосуреттер көрсетілді.

Мұрағатшы Жакупова Г «Ата Заң айбыным» тақырыбында баяндама оқыды. Кітапханашы Ибраева Н «Ата Заңым-алтын қазығым» атты кітап көрмесімен таныстырып, шолу жасады. Кітап көрмесінде ҚР-ның Конституциясы заңдары мен құқықтары жайлы бірнеше кітаптар қойылды. Мерзімдік басылымда басылып шыққан мақалалар сөресі де қойылды.

Дөңгелек үстел қонағы зейнеткер Өтешова Рахат құттықтау сөз сөйлеп, «Қазіргі дүниедегі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Ұлы даланы мекендеген алты алаштың да өз дала заңдары, өзіндік конституциясы болғаны анық. Орта ғасырдағы түркі бабаларымыздың бітік жазуына бармағанның өзінде, қазақ даласындағы бізге мейлінше мәліметті болып жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері қазақ елі Конституциясының ертеректе қаланған іргетасы іспеттес »-деп, Ата заңның қасиетті дүние екенін түсіндіре айтып өтті. Мерекелік дөңгелек үстелдің сәнін мәдениет үйінің әншілері келтіріп,  әннен шашу шашып, күмбілеген күймен мерекенің сәнін келтірді. Әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсе, сол игі! Ата Заңымыз мәңгі жасай берсін! Аспанымыз ашық болсын!- деген жылы лебізбен тарқасты.