«Ауған соғысы ұмтылар емес» кездесу кеші

01.03.2017

Ауған тауларында әскери борышын өтеп қайтқан ардагерлер ортамызда жүр. Олар әрқашан қарапайым халықтың сый құрметіне ие. Сондай сый – құрметтің бір үлгісі 14 ақпан сағат 12.00 де Б.Өтешов атындағы үлгілі балалар кітапханасында ұйымдастырылған «Ауған соғысы ұмытылар емес» атты кездесу кеші.

Армысыңдар, ауғандық жауынгерлер,

Жырым бар жараланған жаныңды емдер.

Өлгендердің жәннәтта болсын жаны,

Тірілерің мың жаса, дәуірлеңдер!

– деп балалар кітапханасының меңгерушісі М Ахметова кешті ашты. Кешке ауған соғысының ардагерлері Е. Тынысбаев, Қ. Әбілқасымов, Б.Амалбеков және Ю.А.Гагарин мектебінің 7-8 сынып оқушылары қатысты. Кеште жүргізуші С.Нығманова ауған соғысы ардагерлерінің қоғамда өзіндік орындары бар екені, олар келер ұрпаққа әрқашан отансүйгіштің, патриотизмнің анық үлгісі бола беретінін айтты. Себебі, олар міндетті әскери борышкер болып, бір кездердегі мемлекеттің тапсырмасын орындаған жандар. Жерлесіміз В.Трутьконың рухына арналып бір минут үнсіздік жарияланды. Оқушылар тақпақтар мен қанатты сөздер оқып, ардагерлерге өлең-жырдан шашу шашып, саз мектебінің оқушылары Серік Әли «Гүлдер», Абзал Санжар «Перовский марш» халық күйлерін орындады, Тілеубекова Ақжүніс «Мен қазақпын» өлеңін нақышына келтіріп, Берикова Аида өз шығармашылығынан ардагерлерге арнап «Ардагерлер есімізде әрқашан» атты өленің айтып берді.Балалар ардагер ағаларымызға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Кітапхана ұжымы «Ауған – сөнген шоқ,өшкен арман…» атты кітап көрмесі ұйымдастырып, кітаптар мен мерзімді басылымдарға шолу жасады. Ардагерлер естеліктерден сыр шертіп,әскерге алынған кездердегі қызықты оқиғаларын айтып өтті. Ардагерлер және Ю.А.Гагарин мектебінің кітапханашысы С.Құдабаева осындай басқосулардың артықшылығын, жыл сайын кездесулер ұйымдастыратын кітапхана ұжымына ризашылықтарын жеткізді. Кеш соңында Ауған ардагерлері естелікке суретке түсті.Шараға 28 бала қатысып, кітап көрмесінен кітаптар мен мерзімді басылымдар қойылды.