«Туған жерге саяхат»

24.10.2017

Жайлауы малға, қойнауы құт-қазынаға толы Жаңаарқа өңірі қаншама әнші-күйші, ғалым-жазушылардың туған жері. Ақселеу ағамыздың – «өткеннің өнегелі ісі бүгінге, бүгінгінің өнегелі ісі ертеңге жалғасын табуы тиіс» деп көрсеткен ұтқыр сөзін басшылыққа алған кітапхана ұжымы қаншама тұлғалардың еңбегін оқырманға насихаттауда біршама жұмыстар атқарды.

Қыркүйек айының 27 күні белгілі жерлес өлкетанушы, аудармашы Ібірахым Ісләмұлының 70 жасқа толу мерейтойына арналған «Туған жерге саяхат» атты оқырмандармен кездесу кеші өтті. Бірнеше кітаптың авторы оқырмандармен сыр-сұхбат құрды.

Ағамыздың туған жері осы біздің Жаңаарқа ауданы, Атасу кенті. Механизаторлар отбасында дүниеге келген. Ол – адам жанының арашашысы – дәрігер, халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі атанған жазушы, «Туған жер» шежіресінің жанашыры – өлкетанушы және қазақ-орыс тіліндерінде бірдей қалам тербейтін екі тілдің жетік білгірі – аудармашы. Ең алғаш еңбек жолын туған жерінде дәрігерліктен бастаған. 1970-1972жж. Қиыр Шығыста әскери дәрігер, 1972-1992жж. Жаңаарқа аудандық және тораптық ауруханаларында дәрігер, бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары, 1995-1997жж. міндетті медициналық сақтандыру мекемесінің Жаңаарқа филиалының директоры, 1992-2011жж. Жаңаарқа, Абай аудандары әкімінің орынбасары болып істеген.

Ібірахым ағамыздың кез-келгеннің қолынан келе бермейтін тамаша 3 қасиеті бар. Ол жазушы, өлкетанушы және аудармашы болып өз елінің патриоты бола білуі. Егемендіктің елең-алаңында Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары ретінде әлеуметтік саланы сауықтыруда, ұлттық рухты ұлықтауда ұлан-асыр істердің басы-қасында жүрді.

Кездесу кеш иесі Ібірахым Ісләмұлының өмір жолына арналған слайд-шоумен басталды. Алғашқы құттықтау сөзі еңбек ардагері жазушы Ұзақбай Мұқышұлына беріліп, ол кісі Ібірахым Ісләмұлының еңбегінің маңыздылығы мен құндылығы, болашақ ұрпаққа берер үлгі өнегесін айтып өтті.

Бұл кешке келген қонақтар Ібірахым ағаның сыныптастары, жолдастары, байырғы әріптестері Ұзақбай Мұқышұлы, Тайтөлеу Жылқыбайұлы Асқартегі, Ғалым Төтейұлы, Қорабай Есенов, Малдыбай Кенжеғұлы, Сайын Нұрланұлы Омаров, Жомарт Қызбалаұлы Оспанов ағамыздың жастық шағы туралы естеліктер айтып, мерейтойымен құттықтады.

Мерейтой иесіне арнап кеш қонақтары аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Төтейұлы күй тартса, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қорабай Есенов гитарада бірнеше ән шырқады. Аудандық мәдени-сауық орталығының қызметкерлері кеште өздерінің музыкалық сәлемін жолдады. Гүлшара Оспанова «Жаңаарқа вальсі», Балтабай Қызыров «Көзкөрген», Бижамал Нұрғалиева мен Жалын Сыздықовтар «Шежірелі Жаңаарқа» әндерін орындап кештің шырайын келтірді.

Бұл кездесуге ауданымыздың мекеме басшылары, кітапхана қызметкерлері, мектептердің ұстаздары мен кітапханашылары да қатысты. Сұхбат түрінде жалғасқан кеште мерейтой иесіне әр тақырыпта көптеген қызғылықты сауалдар қойылып, оған мағыналы жауаптар алынды.

Соңында ағаны мерейтойымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Қанат Шубайұлы Қожықаев, Жаңаарқа ауданының ОКЖ директоры Ғалия Мәжікенқызы Исаберлина құттықтап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, отбасына ұрпақтарына береке-бірлік, өзіне шығармашылық табыс тіледі.

Құнды деректерге толы Ібірахым Ісләмовтың кiтаптарын Жаңаарқа ауданының  орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты кiтапханалардан тауып, оқуға болады. Аудандық кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімінде өлкетанушының өмірі мен шығармашылығына арналған көрме жасалған.