«Аналар – асыл жандар» атты әдеби – музыкалық кеш

12.03.2018

Барлығымыз  асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімізде  8 наурыз Халықаралық әйелдер күні  де келіп жетті. Бұл мейрам – бір қолымен бесікті, екінші  қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік  жанды қыздар қауымының төл мерекесіне орай 5 наурыз күні Жаңаарқа ауданының орталықтандырылған кітапханасының қызмет көрсету бөлімінде «Аналар – асыл жандар» атты әдеби – музыкалық кеш Ғ.Жарылғапов атындағы Аграрлық колледжбен  ұйымдастырылып  өткізілді. Кешті жүргізген қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Жұмасейтова Гүлзат пен  Ғ.Жарылғапов атындағы Аграрлық колледжінің студенті Әбілда Еркебұлан. Кештің құрметті қонақтары: Мәдениет және тілдерді  дамыту  бөлімінің бас маманы Қанапин Марғұлан Бауыржанұлы, Ғ.Жарылғапов атындағы Аграрлық колледжінің ұстаздары мен студенттері, кітапхана қызметкерлері қатысты. Кеш барысында жарық дүниедегі ең жақын, жанашыр, қадірлі, ақ сүтін емізіп аялаған аналардың құрметіне Мәдениет үйінің әншісі Қамиев Қасиет, Ғ.Жарылғапов атындағы Аграрлық  колледжінің ұстазы  Қазенов Марат және студенттер ән шырқап,  мың бұралған бишілеріміз би биледі. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылуын қойғызатын – ана. Ана  баланың амандығын бақытты, абыройлы болуын тілейді. Сол мақсатта кітапханашы  Сарманова Айдана «Ана туралы баллада» өлеңін мәнерлеп оқыды. «Ана алып бәйтерек» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.  Қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ахмедина Гүлжахан Ғ.Жарылғапов атындағы Аграрлық колледжінің ұстазы Қазенов Марат пен студенттерін марапаттап, құттықтау сөз сөйледі. Әдеби – музыкалық кеш аяғында сөз кезегі Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қанапин Марғұлан Бауыржанұлына берілді. Келген оқырмандарға алғысың айтып, мереке қарсаңында жақсы тілектерін білдіріп, кітапхана ұжымына сыйлығын табыс етті. Әдеби сазды музыкалық кеш Нұрболат Абдулиннің «Вальс» атты өлеңіне пародия қойылымымен аяқталды.