«Жүйрік болсаң, озып көр!» квест ойыны

31.07.2019

Жаз айының жайма шуақ күндерінде жазғы демалыста жүрген балаларға арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. 18 шілде күні  О.Баубеков атындағы демалыс саябағында Б.Амалбеков атындағы ЖОББМ-нің «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінің және О.Жұмабеков атындағы ЖОББМ-нің «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінің балаларының қатысуымен «Ашық аспан астындағы кітапхана» жазғы дәстүрлі акциясы аясында «Жүйрік болсаң, озып көр!» квест ойыны өткізілді.

Квест ойынының мақсаты баланың ойын кезінде өзін-өзі бақылау арқылы белсенділікке, сенімділікке, қайсарлыққа, батылдыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу. Төзімділік, жылдамдық, ептілік деңгейін дамыта отырып, дененің жалпы даму сапасының артуына, ойын кезінде әділдікке, жолдастық сезімге, ойынды жетілдіруге тәрбиелеу. Білімге баули отырып, тез ойлауға, жылдам жауап беруге ынталандыру.

Бұл квест ойынында алдымен сайысқа қатысушы балалар «Балдәурен» және «Кітап» тобы болып екіге бөлінді. Әр топ 8 қатысушыдан құрылды. Топ мүшелері ұрандарын айтып, өздерін таныстырып өтті. Бұл квест ойыны болғандықтан балаларға арнайы карта беріліп, кедергілерден өтетіндігі түсіндірілді. Ойын шарты бойынша әр кедергілерден өткен топқа қазынаға апаратын конверттер берілетіндігі және әр дұрыс жауап бергендерге смайлик берілетіндігі түсіндірілді. Картада көрсетілген кезеңдер: Әрбір топ мүшесі «6 рет секіру» яғни орнында тұрып секіртпемен секіру; 2. «Тастағы жазуды айнамен оқы және жазып ал» бұл ойын шартыңда тас мүсінде өлең жолдары берілген, сол өлеңді айна арқылы оқу; 3. «Әрбір топ мүшесі доппен кедергіден өту» бұл кезеңде допты ұру арқылы кедергілерден өту; 4. «Тал жапырақтарындағы сұрақтарға жауап бер» ал бұл кезеңде балалар тал жапырақтарында жұмбақтарды шешу; 5. «Нысанға доп салу» бұл ойын шартында тізіліп тұрған стакандарға допты дөңгелетіп салу; 6. «Мүсінде жасырылған сұрақтарға жауап бер» кезеңі бойынша картада бейнеленген мүсінде жасырылған сұрақтарға жауап беру;  7. «Әдеби шарды жар да, сұрағына жауап бер» найза (дротик) мергендікті сынап  шарларды жарау арқылы әдеби сұрақтарға жауап беру.

Іс-шара соңында үздік танылған О.Жұмабеков атындағы ЖОББМ –нің «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінің балалары жеңіске жетті. Екі топ алғыс хатпен марапатталып, сыйлықтар берілді. Квест ойынына балалар белсене қатысып, өз білімдерін жақсы көрсете білді. Балалар өте көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Шараға 35 адам қатысты.