Жаңаарқа ауданының жасөспірімдер кітапханасының тарихы

22.08.2019

Жаңаарқа ауданының  жасөспірімдер кітапханасы – ағарту, білім беру, ақпарат орталықтарының бірі болып табылады. Жасөспірімдер кітапханасы 1984 жылы темір жол торабының артында 4 жылдық мектептен бір кабинет беріліп, сол жерден ашылады. Кітапхананың ашылуына кітапхана директоры Қалимолдаева Р.А. көп еңбек сіңіреді. 1996 жылы тоқырау кезінде кітапханалар тегіс қысқарып жатқан шақта кітапхана жабылып қалады.

2001 жылы аудан әкімі Шайдаров С.Ж. үкімімен кітапхана қайта құрылып, аудандық мәдениет үйінен кабинет беріліп ашылады. Сол жылы жасөсіпірімдер кітапханасының меңгерушісі Исаберлина К.М. болды. 2004-2016 ж.ж. Шайхина С.С. 2016-2018ж.ж. Иманбаева Ш.А. 2018 жылы Ускенбаева Ш.Т. 2018-2019 ж.ж. Исаберлина К.М. 2019 жылдың наурыз айынан бастап, кітапхана меңгерушісі Смаилова Ж.С. болып тағайындалды.  Кітапхана- шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Қоғамның рухани дамуының жебеушісі іспеттес. Қазіргі таңда кітапхана өзінің дәстүрлі болмысына табан тірей тұрып, осы заманғы ақпараттық жаңа технологиялар тарататын  әлеуметтік топтың қатарынан көрініп келеді. Сондай руханият ордасының бірі жасөспірімдер кітапханасы. Қазіргі таңда қоғамда өзіндік ерекше орыны бар.

Кітапханда кітап қорын –  8908 дана, қазақ тілінде – 5214 дана кітаптар, мерзімді басылымдар- 435 дана, қазақ тілінде – 356 дана, электронды құжаттар т.б. құрайды. Жасөспірімдер кітапханасында: Оқу залы, абонемент қызмет көрсетеді. Оқу залында 15 орындық бар. Кітапхана қорында орыс, қазақ тілдерінде ағымдағы жылдың және соңғы 5 жылдың мерзімді басылымдары бар. Мұнда әр сала бойынша кітаптар, оқулықтар, энциклопедиялар, анықтамалар, сөздіктер кітапхананың ең құнды басылымдарының жиынтығы құралған. Оқу залының негізгі міндеттері барлық оқырмандарға бірдей сапалы қызмет көрсету және сұраныстарды толық қанағаттандыру. Сонымен қатар өзекті тақырыптарға ашық сөрелер мен арнайы даталы күндерге кітап көрмелерін ұйымдастыру. «Туған өлкем – тұнған шежіре» , «Елбасы жолдауы – ел қамы»,«Ұлы даланың жеті қыры», «Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары» , « Бір ел – бір кітап» акциясының көрмесі «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі», «Сырлы – Сакен –жырлы Сакен»,  «Тәуелсіз Елдің болашағы – Жастар!», «Жастар – ел мақтанышы» дөңгелек үстелі, «Жастар шақырады» әдеби кештер өткізіледі.

Кітапхананың негізгі міндеті: Жас оқырмандардың әр-түрлі талаптарын қанағаттардыратын кітап қорын жинақтау болып табылады. Кітапханада автоматтандырылған технологиялармен, РАБИС бағдарламасымен қызмет жасайды. Қызмет көрсету бөлімі (Абонемент) оқырмандардың кітапқа деген сұранысын, қажеттілігін, қызығушылығын қамтамасыз етеді. Кітап қоры- қазақ, орыс, шетел классикасы, қазіргі заман авторларының шығармалары, барлық білім саласындағы әдебиеттерді қамтиды, қордың көп бөлігін көркем әдебиет саласы құрайды. Кітапханада 2002 жылдан бастап «Маржан» жастар клубы жұмыс істейді. 2019 жылдан «Жанам деген жүрекке от берейік!» атты жастардың поэзия клубы жұмыс істейді. Мақсаты: Мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосу. Өнерлі жас буын өкілдерінің шығармашылық бастамаларын жүзеге асыру, рухани және интеллектуалдық ой-өрістерін дамыту. Жастар арасында әдебиетті оның ішінде поэзияны насихаттау. Клуб мүшелері облыстық және аудандық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Кітапханада жастарды шығармашылыққа баулитын әртүрлі әдеби сайыстар, кітап тұсау кесерлері, жаңадан түскен кітаптарға презентациялар жасалады, конференциялар өтеді, музыкалық-поэзиялық кештер, ұсыныс тізімдері, буклеттер жасалады. Жасөспірімдермен және мамандармен ақпараттық және әдістемелік жұмыс жүргізіледі.

Сонымен қатар кітапханадан:

  • Қажет деген кітапты абонементтен алуға;
  • Интернетпен жұмыс жасауға;
  • Белгілі бір тақырыпқа әдебиеттерді таңдауға ;
  • Жазба түріндегі библиографиялық сұраныстар алуға болады.

Қазіргі кезде аудандық жасөспірімдер кітапханасында үш кітапханашы қызмет етеді. Ибраева Нұргүл Аманбайқызы,Әділова Жаңагүл Бейсенбайқызы.Көппаева Күлайхан Жұмабайқызы.