«Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария»

07.10.2019

Аудандық Б.Өтешов атындағы үлгілі балалар кітапханысы мен жасөспірімдер кітапханасының бірлесе ұйымдастыруымен «1-қазан Қарттар күніне» орай «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария» атты мерекелік кеші өткізілді. Бұл мерекелік кештің басты мақсаты: жас жеткіншектердің бойына отбасының қос шынары – ала таудай атасы және аналардың анасы – әженің адам өмірінде алатын орнын, оларға құрмет көрсету – халықтық дәстүр екендігін ұғындыру, адамгершілікке, инабаттылыққа және мейірімділікке тәрбиелеу. Мерекелік кешке Жаңагүл Шөмшекбаевнаның жетекшілігімен қатысқан №132 ЖОББ мектебінің 6 «б» оқушылары асыл әжелерге мың бұралған билерін, жыр-шумақтарын, ән шашуларын тарту етті. Мерекеге арнайы қонақ ретінде кітапханамыздың ардагерлері Абсаматова Ләззат, Исаберлина Ғалия, Акимова Сағат, Шайхина Сарқыт, Сиязова Гүлсім, Иманбаева Шұға, Мылтықбаева Рымбала шақырылды. Бүгінде ол кісілер асыл ана, ардақты әжелер. Олар бүлдіршіндерге: «Оқуда, өнерде қанаттары талмай, адамгершілігі мол, білімді ұрпақ болыңдар, аңсаған армандарың орындалсын» деп ақ тілектерін білдіріп, баталарын берді. Кеш соңында мерекеге арнайы ұйымдастырылған «Қарттарым, аман-сау жүрші!» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, таныстырылды. Шараға белсене қатысып, мерекелік көңіл-күй сыйлаған барша қатысушыларға кітапхана атынан алғыс айтып, мереке құтты болсын демекпіз. Қарттарымыз, асыл қазынамыз аман болсын!