«Сәкен қазақтың қайталанбас тұлғасы»

21.10.2019

15 қазан мемелекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақиық ақын, дарынды драматург, жазушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Сәкен қазақтың қайталанбас тұлғасы» атты әдеби –сазды кеш өткізілді.  Кешімізге арнайы келген қонақтарымыз Қазақстан Жазушылар Одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Сағынтай, Журналистер Одағының мүшесі, журналист Нұрлан Әбілдин Сәкен Сейфуллинге қатысты тың деректермен бөлісіп, ауданымыздың 90 жылдық торқалы тойымен тұспа –тұс келген Сәкен бабамыздың мерейтойымен оқырмандарды құттықтады.

Кеш барысында № 132 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Текебаева Маржан дайындаған көркемсөз оқуларымен әрлеген мектептердің ауданаралық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары ақынның жыр шумақтарын мәнерлеп жатқа оқыды. Қазақтың ірі қоғам қайраткері, жазушының өмірінен театрландырылған «Анаға хат» қойылымын №132 ЖОББМ 9-сынып оқушылары көрсетті. Өмірі мен шығармашылығын таныту мақсатында «Сәкен мұрасы – асыл қазына» атты кітап көрмесі таныстырылды.

Бүкілодақтық республикалық байқаулардың лауреаты, әнші Қызыров Балтабай және Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, әнші, сазгер Сыздықов Жалын Сәкен бабамыздың әндерін шарықтата шырқады. Қазақ әдебиетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан жерлесіміз Сәкен Сейфуллинге арналған кеш ерекше сезім мен сырға толы болды.