“Кітапхана майталманы Қалимолдаева Роза Әбдрахманқызы 80 жаста”

08.11.2019

6 қазан 2019 жылы «Kоворкинг» орталығында кітапхана ісін жетілдіру және ұйымдастыру мәселелері бойынша ең үздік маман, бірнеше медаль, диплом, грамоталармен марапатталған, 1976-1992 жылдары аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры болған, кітапхана майталманы Қалимолдаева Роза Әбдрахманқызының 80 жылдық мерейтойына орай сұхбаттасу кеші өткізілді. Кеш қонақтары кітапханада талай жыл қызмет еткен ардагерлер: Ысқақова Төлеутай, Қызылбаева Зәуре, Айнабекова Жұмакүл, Әбсаматова Ләззат, Ахметова Маржан, Акимова Сағат, Иманбаева Шұға. Кітапхана майталманы Роза Әбдрахманқызының мерейтойымен құттықтап, өмір дерегі мен қызмет еткен кезеңдері жайлы бейнебаян көрсетілді. Кеште Роза апаймен сұхбаттасып, кітапхана ардагерлері өздерінің Роза Әбдрахманқызымен бірге қызмет атқарған жылдардағы елеулі оқиғаларымен ой бөлісіп, қызықты сәттерін еске алып, ыстық лебіздерін білдірді.

Сыр-сұхбаттасу шарасы барысында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші Сыздықов Жалын, аудандық мәдениет үйінің әншісі Қызыров Балтабай қара домбырасымен әуезді ән шырқап, ару қыздарымыз мың бұрала би билеп, қонақтардың ыстық ықыласына бөленді. Кездесу соңында қонақтарға Роза апай өзінің батасын беріп, кітапханашыларға кітапхана  мамандығының қыр-сыры жайында айтты. Кеш өскелең ұрпаққа ой салатын, келешек өмір жолдарына жол сілтейтін, бағыт-бағдарларға толы ғибратты әңгімелер мен естеліктер арқылы есте қалатын мән-мағынаға толы кездесу болып өтті.