Дәулетбеков Амантай

06.05.2020

Дәулетбеков Амантай (1917-1943жж) – аға сержант, Кеңес Одағының батыры. Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының түлегі. Ол армия қатарына 1939 жылы шақырылып, әскери қызметті Қиыр Шығыста бастады.Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1942 жылғы жазда өзінің көптеген қызметтес жолдастарымен бірге Брянск майданына жіберіліп, 13- Армияға қарасты танктерді ататын 1180- полктің артиллериялық тобының командирі болды. Жауға қарсы алғашқы шайқасын  1942 жылғы жазда Орел облысындағы  байырғы орыс қаласы Ливнының оңтүстігінде бастап, кейін Курск  доғасындағы ұрыстарға қатысты. 1943 жылдың 9 шілдесінде Орел мен Курск теміржолддары арасындағы Поныри қалашығы түбіндегі кескілескен ұрыста зеңбірекшілері жаудың 29  танкісін, сүйреткі 13 зеңбірегін  және 200-ге жуық  солдатын жойып жіберді. Осы ұрыста ерлікпен қаза тапқан Амантай  Дәулетбековке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 24 желтоқсандағы жарлығы бойынша Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде батырға арналып ескерткіш (бюст) қойылған және көшеге есімі берілген.