«Жалын журналының жетістігі»

03.02.2021

«Жалын» журналының алғашқы басылымының шыққанына 40 жыл толуына орай «Жалын журналының жетістігі» атты мерзімдік басылымға шолу ұйымдастырылып, өткізілді. Мақсаты: Мерзімдік басылымға жан-жақты шолу жасау, оқырмандарға қазақ әдебиетіндегі жаңа шығармалармен таныстыра отырып, елін, жерін, отанын сүюге тәрбиелеу. 

            «Жалын» – журналы 1969 ж. маусым айында «Жазушы» баспасының жанынан 2 айда бір рет әдеби, мәдени және қоғамдық-саяси альманах болып шыққан. Алғашқы жылдары көлемі 10 б. т., таралымы орта есеппен 90 мың данаға жуық (1974 ж.) болған. Альманах республикалық жастарының рухани, дүниетаным өрісін, эстетикалық талғамын жетілдіруді және талантты жас ақын, жазушыларға шығармашылық қамқорлық көрсетуді мақсат етеді. «Жалын альманағы 1986 жылы өз алдына дербес журналға айналып, 1999 жылдың ортасына дейін шығып тұрған. Журналдың алғашқы бас редакторы – Өтебай Қанахин. Бұдан кейінгі жылдары Ш.Мұртаза, Т.Молдағалиев, М. Шаханов, М.Қүлкенов сынды белгілі қаламгерлер бас редактор болып қызмет еткен. «Жалын» альманағы жас ақындардың шығармаларына Төлеген Айбергенов атындағы сыйлық беріп тұрады.

1976 жылдан бастап республика жұртшылығының рухани қажетін өтеп келе жатқан тұрақты басылымның бірі — «Жалын» журналы 2013 жылы Түркиядағы Жазушылар және өнер қайраткерлерінің халықаралық қорының номинациясының жеңімпазы атанды.

«Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері Мұхтар Шаханов басқаратын «Жалын» журналы жалпы түркі әлеміне аты белгілі, классик ақын-жазушылардың шығармаларын да ұдайы насихаттап келеді. Мәселен, әзірбайжан жазушысы Анардың «Ақ қошқар, қара қошқар» атты хикаятының, сол сияқты түркі әлеміне ортақ тұлғалар — Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Қайсын Кулиев сынды таланттар шығармалары да осы журналда жарияланды. Сондай-ақ, журнал түркі әлеміне таныла бастаған жастарға да орын беріп келеді.