Балабақсы

10.02.2021

Б А Л А Б А Қ С Ы      

 Кернебай Сүтемгенұлы

(1825-1902)

 Күллі қазақ далаасына аты аңызға айналған «Балабақсы» есімімен таңылған Кернебай Сүтемгенұлы өзінің ерекше қасиетімен, көріпкел, балгер, әулиелігімен аты шыққан. Арғын Қуандықтан тарайтын Аманғұл руынан шыққан. Балабақсы туралы аңыз әңгімелер халық арасында өте көп сақталған.

«Арыс» баспасынан 2005 жылы жарық көрген Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» 1-том кітабында былай жазады: «Арқада сондай-ақ Бала бақсы деген болған. Оны да жын жастайынан, тіпті бесікте жатқаннан иеленген деген әңгіме бар. Ол перілердің иесі Оспанқожа деген әулиеден бата алған екен. Ал Оспанқожа деген кісі қырық жыл құтырған адамды емдеген, перілерден әскер ұстаған деген аңыз бар. Балабақсы да емшілікпен қатар, көріпкелдік, балгерлік, тіпті улы жәндіктерді шақырумен де айналысқан екен».

Туғанынан бірнеше күн өткенде Кернебайды бесікке бөлесе, бесік үй-ішінде шоршып секіріп жүріпті. Мұны көрген әке-шешесі, ауыл адамдары қорқып баланы тастай қашқан көрінеді. Бір күн, бір түн қашып, жаңа жұртқа киіз үйлерін тігуге кірісе бастаған кезде, жандарына бесігімен келіп тұрған баланы көреді. Ел-жұрттың есі шығып, қолына не түссе сонымен ұрмақшы болып, балаға тап бергенде, шешесі бесіктің үстіне жатып алып,ешкімге тигізбепті. Балада бір күштің барын сезген болуы керек. Содан бастап баланың әке-шешесі ауру-сырқауды білмепті. Дүниеден күдер үзіп, ауруы асқынып келген адамдар, осы баланың шапағаты тиіп ауруларынан айығып кетіп жатыпты. Осыдан бастап баланың бұрынғы Кернебай аты ұмытылып, Балабақсы атанып кетеді. Үш жүзге мәлім бола бастайды. Аурудың емін қобыздың үнінен естиді, тіпті жауырынға қарап та сөйлейтін болған. Көбінесе, ауру адам бақсының үйіне таялғанда ауруынан сауығып кетеді екен. Балабақсыны бүкіл жұртшылық қатты сыйлапты. Ол кісінің көріпкел, әулиелігіне, ел әбден сенген. Алдағы заманды да  болжап дәл айтқан.

Балабақсы туралы деректер Жаңаарқалық жазушы Хамит Дәрібаевтың Сайдалы Сарытоқаға арнаған еңбегінде көп кездеседі. Сондай ақ, Бала бақсы жайлы көзкөргендердің айтқан әңгімесін немесе жазбасын жиыстырып, тұлға ретінде көп жылдар зерттеген жаңаарқалық қаламгер Төлеухан Ілиясұлының «Жаңаарқа нақыштары» атты кітабын (Арко баспасы, 2004 жыл)  шолар болсақ бірнеше аңыздарды алға тартады.

Бір жылы есімі бүкіл қазаққа белгілі Жәңгір төренің тоқалы босанып ұл табады. Есірген төре үш жүзге сауын айтып той жасайды. Үш жүздің баласының басы қосылған үлкен тойға Алтай-Қарпық баласы тегіс қатысады. Жәңгірдің өз басын «төре» дегені болмаса, ол: өте бай, әрі сері адам екен. Тойға өзге Алтай балаларымен бірге қобызын сүйретіп Бала бақсы келеді. Қобызын күңіренте тартып отырған Бақсыға менсінбей қараған төре: «Ал Бақсым, мына ат жарысына сен не қосасың? Мүмкін мына қобызыңды қосарсың?» деп кекетеді. Төре сөзі өтіп кеткен Бақсы: «Онда тұрған не бар? Қоссам қосамын!» дейді шамданып. Төренің керемет бәйге аты бар еді. Бақсының қобызынан сескенген ол, ат шабатын баланы оңаша шақырып, егер де ана қобыз соңыңнан қалмаса, ыңғайы келсе ұстап ал да, бір жерге байлап кет! деген нұсқау береді. Айтқандайын, үш жүз ат қосылған бәйге аттары күншілік жерден жіберіледі. Жәңгірдің жүйрігінің маңынан, Бақсының қобызы да қалыспай ілеседі де отырады. Мазақ қылғандай жүйрік шапса, қобыз да соңынан безілдей ұшып, аяңдаса, бір орнында қалыктап, баланың соңынан бір елі қалмайды. Жәңгірдің аты өзгелерден көп ұзап, жеке-дара шыққан болатын. Қобыз ызыңдап соңынан қалмай қойған бала, қалың тоғайдан өте бергенде бір ыңғайын тауып, қобызды ұстап алады да, қыл арқанмен шандып, Нұраның жиегіндегі биік теректің түбіне байлап кетеді. Алыстан шаң көрінеді. Қыр басында дүрбі салып тұрған сәуегейлер, бір-бірінен асып, мәреге бір жарым шақырым қалғанда, алдымен Жәңгірдің торысын көреді, екінші, үшінші, төртінші аттардың да аттарын атап, түстерін түстеп, бір-бірінен «сүйінші!» сұрасып жатқанда, кенеттен Жәңгірдің аты тулап, үстіндегі бала тақыр жерге ұшып-түседі. Оның соңында келе жатқан аттар да жан-жаққа бытырай қашып, үстеріңдегі иелеріне бой бермей тулап, пысқырынып, өз бастарын сауғалап, бәрі жан-жаққа қашқан. Тек қана көкте қалықтаған биік терек ұшып келе жатыр. Ел аң-таң. Мәре сызығынан бірінші болып өткен бұтағына кобыз байланған әлгі терек, Жәңгірдің дәл алдына кескен теректей болып гүрс етіп құлайды. Жәңгір есінен танып біраздан соң барып басын көтергенде, қасына Бақсы келіп: «Ал, Төрем! Бас бәйге қобыздыкі, екінші бәйге бұтақтыкі, үшінші бәйге діңгектікі, төртінші бәйге тамырдыкі. Жіберген бәйгелеріңнің бірі мәреден өтпегендіктен барлық бәйгені жиып-теріп маған бересің», деп отырып алады.

Жәңгір төре өзінің жеңілгендігін мойындап, ат-шапан айыбы есебінде қысырақтың үйірі бастаған жылқы малын, тай-тұяқ алтын-күмісін, тоғыз түйеге тоғыз түрлі дүние мүлкін беріп, Бақсыдан әзер құтылады. Жәңгірдің тойы бір ай шамасына созылады. Бірде Жәңгір, қобызын күңірентіп отырған Бақсыны шақыртып алып: «Ал, Бақсым! Білгіш болсаң айта қойшы. Осы мен қашан, неден өлемін?», деген сұрақ қояды. — Төрем, өзің сұрап қоймағаннан соң айтайын, қоймадың ғой. Сен, осы сөз ауызыңнан шыкқаннан бір жыл өткенде, аштан өлесің, — дейді. — Осы сен не сандырақтап отырсың, Бақсым? Білгір-білгір дегенге тым бөсіп кететінің жаман-ау! Басқа ірі қарамен ұсақ-түйекті санға коспағанда бір өзімде аттай он жеті мың жылқы бар. Күніне бір малдан сойып жегенде де, менің ырзығым он жылға дейін таусылмайды, — дейді Жәңгір ашу шақырып. — Оның сырын өзім де білмеймін. Әйтеуір, сенің келер жылы аштан өлетінің анық, Төрем. Ол аурудың сырын мен емес бір Алла ғана біледі, — дейді де, Бақсы атына мініп жүре береді. Бақсы айтқандай-ақ, көп ұзамай Жәңгір төре бұрын-соңды қазақ даласына естілмеген, қазақтың көзі көрмеген, «қылтамақ» деген ауруға шалдыққан. Ол қылтамаққа ұшыраған ең алғашқы қазақ. Бақсының айтқаны келіп, ақыры бір жылдан соң Жәңгір тамақ іше алмай аштан өледі.

Бақсы, құрдасы Қанболатты ертіп, Аралбай Құтжан қажының ауылына келеді. Құтжан кажы өмірі басынан сөз асырмайтын, өзгеге бет қаратпайтын, өр мінезді, дініне берік, кесір-кесапаты жоқ, білімі терең адам екен. Байлығы да ешкімнен кем болмаса керек, қонақ күтіп отырып, қымыздың буына тойғанда, Құтжан Бақсыны сынамақ оймен: «Оу, Бақсым, сенің жының көп пе, менің жылқым көп пе? Кел екеуміз бір – бірімізді салыстырайықшы!» -дейді.

– Қарсы емеспін, салыстырсақ салыстырайық, – дейді Бақсы.

– Онда мен жігіттерге: «Ертең кешкілік жылқыларды Дарат пен Атасу өзенінің арасындағы кіші Қаратөбенің етегіндегі Сарыжалға иіріңдер!» – деп бұйрық берейін, сосын, үшеуміз таңертеңгілік менің жылқыларымды – оң жағына, сенің жындарыңды – сол жағына иіріп көріп, төбенің үстінен екеуін салыстырайық» – дейді қажы.

Келісілген уақытта Бақсекең, Құтжан қажы және Қанболат үшеуі Қаратөбенің басына шығып қараса, оң жақта Құтжанның жеті мың жылқысының көптігінен жер қайысып, бір шеті мен екінші шеті көрінбей тұр екен.

– Ал енді Бақсым, сенің жындарың қанша екенін көрейік! – деді, төбенің сол жағына көз салған Құтжан. Далада ештеме көрінбеді. Құтжан мырс етіп күледі де, ішінен «жын қайыратын дұғаларды» бірінен – соң бірін оқып, тұра береді. Ол өз білімінің тереңдігіне сенген болатын. Өзі оқыған дұғалық бар жерде жын жүрмейтініне әбден сенген Құтжан, Бақсымен осындай шартқа барған еді. Бір уақытта Бақсы: «Ал, қажым, көзіңді жұм!» – дейді. Көзін жұмғаннан бастап «Әлхамнан» бастап, құранның сүрелерін ішінен зауылдатып тұрған Құтжанға бір уақытта: «Көзіңді аш!» – дегенде, төбенің сол жақ бетінде үсті – басы темір сауытпен мұздай қаруланған, найзаларының ұшы көкке тіреліп, күнге шағылысып, жалаулары желмен тербетілген, қисапсыз атты әскердің бір кісідей болып, бүкіл даланы күңіренте, бір мезгілде «Аллахуакбар!» – деп, Құтжанның дұғасына қол жайып, бата жасаған дауысынан жер – дүние күңіренгендей болады. Таңғалып тұрған Құтжанның құлағына: «Әй, Құтжан, сен таңданбай-ақ қой, сенің дұғаңның менің жындарыма дарымаған себебі, менің жындарым мұсылман дініндегі жындар», – деп қажының көңілін орнықтырады.

Бақсыдан осылайша жеңілген Құтжан қажы, Бақсының үстіне шапан жауып, алдына қысырақтың үйірін айдатып шығарып салады. Ел Бақсыға қаншама мал беріп баққанымен Бақсы өмірі жарымайды екен. Оның себебін бір Алладан басқа ешкім білмеген. Ала жаздай осылайша үйір – үйірімен мал айдап келгенімен Бақсы күз түсе Қанболаттікінен соғым сұрауын қоймаған.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында, Сарыарқа жеріне капиталистік қатынастар бірте – бірте ене бастайды. Қазақ даласындағы малы көп байлар, енді төрт түлік малдың табысты түрлерін ұстауға тырысады. Ағылшын алпауыттары Қарағанды, Нілді, Спасск, Өспен, Қарсақпай зауыттарын салып, Қарағанды мен Қарсақпай арасында түйемен көмір, мыс тасып, ерсілі-қарсылы керуен жолын салады. Кіре тасыған керуеншілердің алдыңғы легі таң намазында Қарауылтөбеге жетсе, соңы – ақшам намазы кезінде ғана біржолата өтіп тынады екен. Керуеннің екі жағында қарулы күзетші, олай-былай жол кескен жүргіншілерді өткізбейді.

Бірде осындай кірешілердің үстінен түскен Бақсы, Қарауылтөбенің басында кірешілердің өтуін тосып тұрып, мынандай көріпкелдік айтқан екен: «Мына Аппаз бен Сарысудың орталығы құжынаған халыққа толады, қала орнайды, екі ортасынан көліксіз арба жүреді, ол арбаның жалғыз көзінен шашыраған оттан күзің қарығады, үні жерді жарады, адам темір құстың үстіне мініп алып аспанға ұшады, қалаған жеріне барып – келіп сайран салады. Үй-үйлерінде майсыз шам жанады» – деген болжам айтады. Бақсының болжамы дәл келіп, Бүйрекшиде қала орнады, темір жол салынды, паровоз, тепловоздар, электр жарығы келді, самолеттар ұшты. Бақсы сол уақытта осыларды меңзесе керек.

Бақсының жасы жетпістің үшеуіне келгенде өзінің құрдасы Қанболатты шақыртып алып: «Құрдас, мені тыңда! Биыл қыста мен бұл дүниеден өтермін. Бірақ келер жылғы көксоқтаға дейін не аспанда емеспін, не жерде емеспін, соны түсіне алмай отырмын», – деп жылайды. Жұрт кеше ғана жүгіріп жүрген Бақсының не айтып тұрғанын түсінбей дал болады. Күздің күні толассыз қатты жаңбыр жауып, елдің берекесін алады, арты қарлы боранға ұласып, ақыры үскірік аязға айналады. Бақсы осы тұста дүние салып, ауыл арасының қатысы түгілі, мал жұтап, адам баласы аяқ алғысыз жағдай туады. Ағайындары Бақсының мәйітін ақ кигізге орап, қыс бойы сөреде сақтайды. Өзінің өсиеті бойынша ел болып, Бақсының денесін көксоқтада Жайылмаға апарып жерлейді.

Балабақсы бейіті Жаңаарқа ауданы, Алғабас ауылында. Ауыл тұрғындары 1991 жылы бейіт басын көтеріп, мазар тұрғызып, сыртын қоршаумен қоршады. Аудан орталығы Атасу кентінде бір көше Балабақсы көшесі деп аталады. Алғабас ауылының тумалары 2019 жылы Балабақсы мазарының қоршауын жаңартылыпп, маңайы абаттандырып арнайы ас берілді.

«Жаңаарқа» ақпараттық-танымдық кітабынан. Авторлар: І.Ісләмов, Ә.Аманжолов. «Мағжан» баспасы. 2019 жыл. 140-143 беттерде