«Жанашыр» жобасы

10.02.2021

            Қазіргі кезде  оқырманның  өскелең  талабын  қанағаттандыру,  рухани  байлығын мен жалпы  қабілетін  дамыту  және жоғары  эстетикалық  талғамын  қалыптастыру   міндеттерін  іске  асыруда кітапханашылардың алатын  орны  ерекше.  Әрбір  оқырманға дұрыс  бағыт-бағдар беру,  сұранысын  қанағаттандыру – кітапханашының  міндеті.  Кітапханадағы  оқырманды  зерттеу,  балалардың  психологиясы  жөніндегі  деректерге  негізделеді. Оқу мен  тәрбиені  біріктіру,  әр жастағы балалардың  тобын  жіктеп оқыту,  олардың мүмкіншіліктеріне  қарай  бейімдеп оқыту. Осыған  байланысты біздің Қарағанды қаласы Жаңаарқа ауданында орналасқан С.Сейфуллин кітапханасында мүмкіншілігі шектеулі оқырмандарға арнап «Жанашыр» клубы   ашылды. Біздің  кітапхананың  ең  маңызды фактілерінің  бірі  мүмкіншілігі  шектеулі  оқырмандармен жұмыс. Бұл жағдайда кітапхана жаңа өмірге  жол ашып  қана  қоймай,  қызықты кітаптармен музыкалық кештер ұйымдастырып, оқырмандардың көңіл күйін сергітуге көмектеседі.

               Бұл жоба біздің кітапханада 2018 жылдан бастау алып, қазіргі кезге дейін қызмет етіп келеді. 

              Жобаны жүзе асырушы әрі жоба жетекшісі-қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Жұмасейітова Г.Ж.

              Жобаның мүшелері: Нығманова С., Сағынтаева З.,Сатбаева Б., Асылхан А.,

         Жалпы жоба бойынша 2020 жылы  9 ерекше оқырмандарымызға тұрақты түрде  қызмет көрсетілді. Еліміздегі жағдайға байланысты адам санына шектеу қойылды. Алдағы уақытта оқырмандар санын көбейту жұмыстары жүргізілуде.

Жоба екі бағытта жүзеге асырылатын болады:  мүмкіншілігі шектеулі оқырмандардың танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған және жасы келген қарт кісілерге сұраған кітаптарын жеткізіп беру.

Жобаның мақсаты: 

  • мүмкіншілігі шектеулі оқырмандарға қамқорлық жасау, оларды өздерін  осы қоғамның бір мүшесі екендігін сезіндіру, түрлі іс-шаралар ұйымдастыра  отырып, олардың шығармашылық қабілетін дамыту, психологиялық  тәрбиелеу.

Міндеті:     

  • Мүмкіншілігі шектеулі оқырмандарды қазіргі заманғы ортаға бейімдеу;
  • Рухани байлығын дамыту;
  • Әрбір оқырманның әлеуметтік маңыздылығын қалыптастыру;

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қай топтары   (арбалармен қатынасатындар, тірек-қимыл аппараттарының бұзылуы, есту, көру, психикалық және  сонымен бірге сөйлеу қабілеттерінің бұзылуы бар азаматтар) кітапхана қызметтерін пайдаланады.

  Жаңаарқа ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі КММ оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеу кезінде қолданатын жұмыс түрлері әр пайдаланушыға жеке көмек көрсетуге ғана есептелмеген.  Олар сондай-ақ бейресми қатынасқа және мүгедек оқырманның өзін өзгелерден кем сезінуін жеңе білуіне көмектесуге бағытталған. Сол мақсатта жүре алмайтын не басқалай мүгедектікке ұшыраған жандарға үйлеріне  сұраныстары бойынша кітаптарын апарып беру, «Ерекше жандарға –ерекше кітап» атты библиографиялық шолу, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Көңілді пазылдар» ойыны, «Менің жарқын өмірім» атты сурет көрмесі, және т.б. іс-шаралар өткізілді. «Жанашыр» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жұрт назары ерекше оқырманда» атты ойыны, «Кітап сөресіндегі мейірімділік» атты кітап көрме, «Біз біргеміз» мерзімдік басылымдарға шолу, «Бір жобаның тарихы» атты кітапханалық бульвар және т.б. қызықты да танымды іс-шаралар ұйымдастырылды.Ардагерлермен кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі ұйымдастырған кездесу кештерінде бейнебаяндар, фотосуреттер мен кітап көрмелері таныстырылып отырады.